Қазақстанда «қара археологтар» қаптап жүр

Елде археологиялық қазба жұмыстарымен айналысуға 149 компания рұқсат алған. Министрлік тек соларға ғана лицензия беріпті. Бірақ соның өзінде қорымдарды тонап, құнды жәдігерлерді қолды етіп жатқандар әлі де азайған жоқ, деп хабарлайды «Хабар24».

Биыл жазда әлгіндей көмбе іздеушілер елдің шығысына ауыз салмақ еді. Соларды тұрғындар көріп қалып, қуып шығыпты. Мамандар бұлардың дені іргедегі Ресейден келеді дейді. Дорбаларын толтырып, шекарадан емін-еркін өте береді. Ал сол артифактілерді қай жаққа барып сатады? Олардың құны қанша?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

– Көмбе іздеушілерді білесіздер ғой. Қоржын арқалап, дала кезіп кетеді. Солар ертеде болған шығар дейтінбіз. Сөйтсек, әлі де бар екен. Көргендер айтады, қолдарына металл іздегіш алып, қорымдарды қопарып жатады. Іздейтіні – қолөнер бұйымдары. Темір, қола дәуірінде жасалған жәдігерлер құнды саналса керек.

Көне кітаптар да бағалы ғой. Бірақ көмбе іздеушілердің көздегені бұл емес. Алтын тапса – алқынып, күміс тапса – күпініп жүреді. 

Пердехан Мұсырманқұл, археолог:

– Шығыс Қазақстан өңірі Абай ауданы аймағында Қаракемер деген алқапта сондай ескерткіш бар. Ол жерде қола дәуірінің, ерте темір дәуірінің ескерткіштері көптеп орналасқан. Сол ескерткіштердің 3 қола дәуірі жәшігінің астан-кестен болып бұзылып жатқанына өзіміз тікелей куә болдық. Қасына барып көргенде ол жерде 5 ескерткіш орналасқан. Соның үшеуін бетіндегі тастарын алып тастап, ішін кәдімгідей ақтарып, тонаған.

Бұлар бұқпантайлап жүріп талай жәдігерді қолды етті. Қаншама құнды бұйым ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті десеңші. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық музейінің директоры:

– Кристи болсын, Собби болсын, арнайы ұйымдар бар. Соларға барып өткізеді. Осыдан 20 жыл бұрын Ресейден келіп бір азаматтар ұсынған болатын. Сол кездің өзінде кішкентай ғана жәй бұйымға 10 мың-15 мың доллар сұрайды. Қазір қарасаңыз, оларды 100 мың, 500 мың доллардан әрі қарай асыруға болады.  

Қазақ жеріндегі қорымдарды тонау Петр бірінші тұсында басталған деседі. Кейін де жалғасты. Тіпті, нәубет кезінде де адамдар аштан бұратылып жатқанда қойнауға қол салғандар кездескен.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық музейінің директоры:

– Өкінішке қарай, біздің көптеген артифактілер, әсіресе сақ дәуіріндегі, көбісі шетелге шығып кетті. Еуропа елдеріне. Ресей арқылы, енді қазір жолы көп қой. Түркия арқылы көбінесе шығады.

Іргедегі Ресейден келетіндер көп дейді. Оларды шекарада ешкім тексермейді. Өйткені кеден жоқ.

Қорым жағалап жүргендер жақында қолға түсіп қалған еді. Биыл жазда болған. Шығыс жақты кезуге келгендерді сондағы ауыл жұрты шықпыртып отырып қуып шығыпты. Ал жауапты министрлік өкілдері қорым тонайтындар осы күнге дейін кезікпеді деп міз бақпай отыр.

Жанат Сейдалиева, ҚР МСМ мәдени мұра басқармасының басшысы:

– «Қара археологтар» бар дегенді естігенмен, бізде бүгінгі күнге мынау «қара археолог» деп тіркелген ресми «қара археолог» болған жоқ.

Елде «қара археологтардың» жұмысына тыйым салынған. Қолға түссе, қомақты айыппұл төлейді, кейбірі тіпті 7 жылға дейін түрмеге жабылады. Жауаптылар осыдан 2 жыл бұрын заңды қатайттық деп отыр. Содан бері көмбе іздеушілерді келмеске кетірдік дегенге саяды сөздері. 

Жанат Сейдалиева, ҚР МСМ мәдени мұра басқармасының басшысы:

– Бұрынғы кезде бір ғылыми жетекші археологиялық жұмысты жүргізуге, жетекшілік жасауға бірнеше ұйымның атынан жариялана алса, қазіргі кезде оған шектеу қойылды да, енді бір академик болсын, доктор, ғылым кандидаты болсын, бір ұйымнан ғана өзін жариялай алады. Бұрынғыдай қатар-қатар бірнеше ұйымнан жариялай алмайды.

Рас. Қазір қазба жұмыстарын жүргізу үшін лицензия алу қиын. Елде 149 компанияға ғана рұқсат берілген. Сосын археологтардың жұмысын арнайы инспекторлар қадағалайтын болыпты. Бірақ ондай қызметкерлердің бұл күні қат екенін көріп отырмыз. Бір адам бірнеше жерге қатар барып үлгермейді.

Пердехан Мұсырманқұл, археолог:

– Ескерткіштерді қорғау орталықтары, инспекциялары бар ғой, солардың да құзыреттілік деңгейін кеңейту керек сияқты. Себебі олардағы адамдар санының аздығы қызмет ететін. Сондықтан өңірдегі ескерткіштерге мониторинг жүргізу мүмкіндігі төмен.

Заңды қабылдау – бір басқа, ал оның орындалуын қадағалау – бөлек мәселе. Сондықтан мамандар әлгіндей инспекторлардың санын көбейтіп, құзірет беру керек дейді. Сонда ғана жер шұқып жүргендерді желкелеуге болар еді. Өйткені олар өткеніңді жоқ қылып, тарихыңды тартып алып жатыр.

Авторалы: Дастан Сейілханұлы, Ербол Дайыров, Наурыз Базаров