Павлодарда 50-ге жуық кәсіпкерді алдаған алаяқ сотталды  

Павлодар облысының ондаған кәсіпкерін алдап, тақырға отырғызған алаяққа қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Киім-кешек сататын павлодарлық саудагерлер Шымкент қаласында тұратын келіншектің арбауына түсіп қалған. Мұны біздің арнадан бірнеше рет көрсеткен едік. Тауарды онлайн сатып алғысы келген ол қаражат аудару үшін кәсіпкерлердің жеке куәлігін сұрап, кейін микрокредиттік ұйымда бір емес, бірнеше несие рәсімдеген. Облыстық полиция департаментінде алаяқтарға қатысты қылмыстық істерді тергеумен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылды. Мамандардың қарауында 300-ден астам іс бар. Тергеу барысында алаяқтың арбауына түскен өзге облыс тұрғындары да анықталды. 47 эпизодтан тұратын іс - Шымкент қаласының сотында қаралды. Сот қаулысымен алаяқ әйел 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Анастасия Услуадам, кәсіпкер:

– Бұл атышулы іске айналды. Зардап шеккендер бас қосып, істі соңына жеткізді. 47 кәсіпкердің ісі Қазақстанның бас прокуратурасы арқылы бір іске біріктірілді. Осылайша, бір жылдан астам уақыт бойы бірнеше сот инстанциясынан өтті. Нәтижесінде ісіміз сотқа түсіп, кінәлі жазасын алды. Ең бастысы, біздің несиелік тарихымыз тазартылды. Енді ешкімге берешек емеспіз.