Сенаторлар тұрғын үй мәселесі бойынша көшпелі отырыс өткізді

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Түркістан облысында көшпелі отырыс өткізді.

Тұрғын үй құрылысы саласындағы заңнаманы жетілдіру және азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай ұлттық бағдарлама әзірлеу мәселесі жиын тақырыбына арқау болды. Комитет төрағасы Дәурен Әділбековтің айтуынша, бұл мемлекеттің негізгі әлеуметтік міндеттерінің бірі. Сондай-ақ делегация өңірдегі жаңа шағын ауданның құрылысымен танысып, трансформаторлық жабдықтар шығаратын зауытта және көлік-логистика орталығында болды.

Бауыржан Қаниев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Біз білгіміз кеп отыр осы жерде қандай қиындықтар бар. Соны өзіміз алып кетіп, ана жақта бір программа дайындалып жатыр. Соған енгізіп, жәрдем беруге келіп отырмыз.

Сүйіндік Алдашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Тұрғын үй саясатын реформалау мәселесін қарау, жалпы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша министрліктермен, мемлекеттік органдармен, соларға ұсыныс береміз.