Қарағанды облысындағы Қызылқайың тұрғындары құмға тұншығып отыр

Қарағанды облысына қарасты Қызылқайың ауылын құм басып, жергілікті жұрт тұншыға бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекен тұрғындары осылай деп бас көтерді. Ауыл маңайында құрылысқа қажетті жоғары сұрыпты құм өндіріледі. Тіпті карьердің бірі үйлерге 300 метрге дейін жақын келген. Тұрғындар өндірістен келетін шаң-тозаң салдарынан ауылдан безіп кетуге шақ қалдық дейді.

Рина Шаймарданның күні үйін тазалаумен басталып, тазалық жұмыстарымен аяқталады. Өйтпесе шаң-тозаң үйдегі жиһаздарға сіңіп қалады. Тек Рина емес, ауыл тұрғындарының барлығы үшін желді күндері терезенің желдеткішін ашпақ түгілі, тысқа кіріп-шығу мұңға айналады.

Римма Шаймардан, Қызылқайың ауылының тұрғыны:

– Бізде кішкентай балалар жоқ, балалары барлардың сабаққа баруы да мүмкін емес болып кетеді. Әуелі адасып кетуі де мүмкін. Қыста ақ қар басса, бізді құм басатын болып тұр ғой.

Қареке Тоқтамұратұлы, Қызылқайың ауылының тұрғыны:

– Жел соққан күні мұнда өмір сүру мүмкін емес. Біз құмға аунап біттік. Малдың көзі ауырады, аяқтары ақсайды. Балаларды ойнатудан қорқамыз. Өйткені үйден 300-ақ жүз метр. Құм деген бос нәрсе, сырғып тұрады. Ол құласа, қаншама бала қырылып қалады.

Облыс бойынша тек осы Бұқар жырау ауданында ғана құм өндірісі бар. Құрылысқа қажетті өнімнің бірі ауылдан 5 шақырым қашықтықта болса, екіншісі қол созым жерде тұр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

– Сахараның сайын даласындай құмға толып жатқан бұл алқап – Қызылқайың ауылына ең жақын орналасқан карьерлердің бірі. Мына бірінші үй мен карьердің арасы әрі кетсе 300 метрдей ғана. Сорақысы да сол, дауылды күндері өндіріліп жатқан құм шаң-тозаң болып, тұрғындардың тыныс алып демалуына, жүріп-тұруына кедергі келтіреді екен.

Аумақтың шаң-тозаңнан зардап шеккені өз алдына, өнімді артып кететін жүк көліктерінен келетін қиындықтар да бар. Кей-кейде келетін жүздеген жүк көлік жолдың да тоз-тозын шығарған.

Бақтияр Түсіпов, құм өндіретін компания өкілі:

– Тұрғындардың шағымданғаны – ескі карьердің орны. Онда жерді қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар 80% аяқталған. Қалған 20 процентінде өндіріс жүріп жатыр, бірақ ол ауылға жақын емес, кері жағынан. 2003 жылы санитарлық аймақ ауылдан 300 метр алыс болуы керек деген, кейін келе заң өзгерді де, 500 метр болды. Ендігі өндірісте керісінше ауылдан алыстай беретін боламыз.

Құм өндірісі кезінде шығатын бейорганикалық шаңды сарапшылар «орташа қауіпті» санатына жатқызады. Оның құрамында 70% дейін кремний диоксиді болады. Ол соншалықты зәһарлы емес. Десе де, кей адамдардың ағзасында тітіркену реакциясын тудырады. Ал экологиялық департамент мұнда әлі бас сұқпағандарын айтады.

Бақтияр Көлебаев, Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор:

– Қарағанды облысы бойынша экологиялық департаментте бұрын-соңды аталған кәсіпорынға тексеріс жүргізілмеген. Алайда жергілікті тұрғындар қағаз жүзінде арыз-шағым түсірсе, біз кезектен тыс тексеру жүргізуге дайынбыз.

Шаң-тозаңның тұрғындарға келтіріп жатқан нақты зияны бірқатар тексерулерден кейін ғана белгілі болады. Құмның химиялық құрамы мен шудың нормада болуы да аталған тексеруден кейін мәлім болады. Оған дейін тұрғындардың тағы да төзе тұруына тура келетін түрі бар.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев