«100 шақырым+»: Павлодар облысында жарысқа қатысуға ниетті спортшылар қарасы қалың

Павлодар облысында «100 шақырым+» республикалық желаяқтар жарысына қатысуға бел буған әуесқой спортшылардың қарасы қалың. Мақсаттары бір - бұқаралық спортты дамытуға атсалысу, жұртшылықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Бүгінде ондаған спортшы бұл межені еңсеріп үлгерсе де, жаттығуларын бір сәтке де тоқтатпады.

31 жастағы Евгений Казаков тәжірибелі айти-маман. Жергілікті мұнай-химия зауытында еңбек етеді. Бірнеше жыл бұрын артық салмақ тастағысы келіп, таңғы уақытта жүгіре бастаған. Араға бір жыл өткен соң бұны күнделікті әдетке айналдырды.

Евгений Казаков, әуесқой спортшы:

- Өзімді сергек сезіну үшін жүгіремін. Артық салмағым болып, ақырындап жүгірумен айналыса бастадым. Үш ай ішінде 24 келі тастаппын. Осылайша жүгіру өмірімнің бір бөлігіне айналып кетті. Қалалық, облыстық жарыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсете бастадым.

Евгений 28 күн ішінде 340 шақырымды жүгіріп өткен. Әзірге челлендждің белсенді қатысушыларының арасында үздік ондыққа іліккен. Қазіргі уақытта спортшы марафондық қашықтықты, яғни, 42 шақырымды еңсеруге дайындық үстінде.

«Мақсатым біреуге емес, өзіме қарсылас болу», - дейді ол.

Евгений Казаков, әуесқой спортшы:

- Қалың бұқараға арналған жарыстардың пайдасы зор. Мәселен, «100 шақырым+» челленджі соңғы екі жылдағы айтулы шара. Бүгінде қатысушылар бірігіп, өзара тәжірибе алмасуда. Соған қуаныштымын. Арамызда спортты серік еткендер көбейіп жатыр. Ортақ міндетіміз осы емес пе?

Мұндай жарыстар жүгіруді өмір салтына айналдырғысы келетіндер үшін қажет. Бүгінде челленджге қатысып жатқандардың ішінде кәрі мен жас та, марафоншылар мен әуесқойлар да бар. 

Нұрсұлтан Бірлік, ультрамарафоншы:

- 55 шақырымдық қашықтықты еңсердім. Негізінен бұл ультрамарафоннан кейінгі қалыпқа келуге жақсы челлендж болып жатыр. Салауатты өмір салтын ұстанып, жүгіріспен айналысу керек. Денсаулыққа пайдалы. Жастарға және ауыл жастарына кеңес беремін. 

Өңірде соңғы бірнеше жылда әуесқой спортшылар саны айтарлықтай артты. Бірнеше жүгіру клубы ашылған. «100 шақырым+» челленджі қарашаның соңына дейін жалғасады. Мақсатқа жеткендерге 1,5 млн теңге және өзге де бағалы сыйлықтар табыс етіледі.

Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат

Сондай-ақ...