Елімізде медициналық бұйымдарға арналған жаңа зауыт салынады

Елімізде медициналық бұйымдарға арналған жаңа зауыт салынады. Кәсіпорын Орталық Азияда ең ірі атанбақ. Құрылысы келер жылдың соңында аяқталады. Бұл туралы елордада өткен 17-ші халықаралық денсаулық сақтау көрмесінде айтылды. 

«Astana zdorovie» – медицина саласындағы халықаралық көрме алаңы. Биыл бұл шарада үлкен стэндтердің бірін – отандық «Ordamed» компаниясы ұсынды. Кәсіпорын елдегі емдеу мекемелеріне қажетті құрал-жабдықтар жеткізеді. Ал келер жылы жаңа өндірісті бастайды.

Еркін Ділімбетов, «Ordamed» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

– 15 жыл бойы ел нарығына медициналық жабдықтарды жеткізіп келдік. Негізінен оңтүстіккореялық өнімдерді әкелеміз. Қазір сол өндірісті Қазақстанда шоғырландыру маңызды болып отыр. Компаниямыз үшін медициналық бұйымдарды ұдайы жеткізіп тұру басым бағыт саналады. Пандемия кезінде бұл істің маңызы екі есе арта түсті. 

Көрмеде компания өнімдері премьер-министрдің орынбасары мен Денсаулық сақтау министріне таныстырылды. Алдағы уақытта елге жаңа рентген қондырғыларының желісі әкелінетіні айтылды. Ол заманауи талаптарға сай озық бағдарламалық басқарумен жұмыс істейді.

Еркін Ділімбетов, «Ordamed» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

– Біз үш бағыттағы қондырғыларды ұсынамыз. Функционалдық диагностика, оның ішінде емделушінің мониторы, электрлі кардиограф. Рентген құралдары мен медициналық төсек-орындар да бар. Соңғысы емделушіге жайлы жағдай жасайды. Ол қалыптасқан ахуалдарға жақсы бейімделеді.

«Ordamed» компаниясының өкілдігі осы күні Оңтүстік Корея, Германия, Ресей, Украина, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстанда да құрылған. Алдағы уақытта отандық мекеме елімізде жаңа зауыт салады. Онда медициналық бұйымдардың 150 түрін шығару қолға алынады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Наурыз Базаров