Павлодар облысында екі жасар бұқаның салмағы жарты тонна тартады

Екі жасар бұқа жарты тоннадан аса салмақ тартады. Бұл шетелдік әйгілі тұқым емес, кәдімгі қазақтың ақбас сиырының төлі. Нұр-Сұлтан қаласында өткен аграрлық көрмеге келген мамандар мен шетелдіктер осыған қайран қалды.

Бұл серіктестік ұзақ жылдар бойы асыл тұқымды мал өсірумен айналысып келеді. Бүгінде тек қазақтың ақбас тұқымды сиырларының саны мыңнан асқан. Шаруашылықта малдың  салмағы күнделікті өлшеніп есебі жүргізіліп отырады. Юрий Поломарчуктың мал баққанына жиырма жылдан асқан. Ол бейнеті көп саланың жетістігі тынымсыз еңбекте жатқанын айтады. Қарауындағы малы күнделікті таразыдан өтеді. 

Юрий Поломарчук, малшы:

- Орташа тәуліктік салмағы 1200 келіден асады. Үйлесімді азықтың арқасында мал салмақты жылдам қосады.

Бұл халықаралық көрмеде топ жарған ақбас тұқымды Порш. Екі жасар бұқаның салмағы 580 келі тартады. Сыншылар оның тек салмағына қарап баға бермеген. Дене бітімі, сырт пішіні, бұлшық еттері, саны мен кеудесінің кеңдігі есепке алыныпты.

Жалпы асыл тұқымды мал басын арттыруға бағытталған жұмыс халықаралық деңгейде жүргізіледі. Жаз бойы жайылымда болған бұзаулар күзде екі айдай сынақ алаңына қойылады.

Максим Мисюль, шаруашылық басшысы:

- Мәліметтер 65 күн бойы жинақталады. Күніне қанша жем жеді, су ішті,  қанша рет суатқа және жемге келгені бәрі саналады. Осы мәліметтер компьютерге жүктеліп, қазақтың ақбас тұқымдары палатасына жіберіледі. Олар барлық ақпаратты Канадаға жібереді. Канададан сарапталып, тексерілгеннен кейін ғана біздің қолымызға тиеді.

Алпыс бес күндік сынақтан өткен асыл тұқымды бұқаларды сатуға рұқсат беріледі. Серіктестіктен қазақтың ақбас тұқымын Қазақстанның көптеген өңірлері сатып алады. Ал Нұр-Сұлтан қаласында үздік танылған бұқа жоғары қызығушылық тудырды. Жасына қарай 580 келі рекордтық көрсеткіш болғанымен, шектеулі салмақ емес  екен.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат