Елорда қашан толығымен сандық телеарнаға көшеді

Елордада осы жылдың күз айының соңына дейін аналогты теледидарды толығымен өшіріп, сандық телеарнаға көшіру жоспарлануда. Бұл жұмыс цифрлық эфирлік телехабар таратуды енгізу бойынша жобаны іске асырудың төртінші кезеңі аясында жүргізілуде, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Естеріңізге сала кетейік, цифрлық эфирлік телехабар таратуды кезең-кезеңімен енгізу жобасы Қазақстанда 2018 жылдан бастап жүзеге асырылуда.

Бүгінде еліміздің Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары, Алматы және Шымкент қалалары сияқты өңірлерінде ескірген телехабарлар толығымен өшірілді.

Жобаны іске асырудың төртінші кезеңі аясында 2021 жылдың 1 желтоқсанына дейін Нұр-Сұлтанда аналогтық теледидарды толығымен өшіру жоспарлануда. Цифрлық эфирлік телехабар тарату желісі бойынша елорда тұрғындары мен қонақтарына цифрлық сапада 25 телеарна қолжетімді, оның ішінде: «Qazaqstan», «Хабар HD», «Хабар 24», «BALAPAN», «Ел Арна», «Kazakh TV», «ABAI TV», «Еуразия бірінші арнасы», «Астана», «Qazsport HD», «МИР», «КТК», «НТК», «Жетінші арна», «31 арна», «СТВ», «Almaty», «Talim TV», «Atameken Business», «Тұран ТВ», «Hit TV», «Gakku Media», «MuzLife», «Той думан» және «Новое телевидение».

Сандық телеарнаға көшу көптеген арналарға жол ашады. Сонымен қатар, ЦЭТВ сурет пен дыбыстың жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Мұнда «аналогтан» айырмашылығы, кескін үзілмейді, дыбыс жоғалмайды. Бұл спутниктік немесе кабельдік теледидармен бірдей, бірақ сандық эфирлік хабар тарату түгелдей тегін екендігімен ерекшеленеді.

Оған қосылу үшін теледидар DVB-T2 сандық тарату стандартын қолдайтынына көз жеткізу керек, абонент тек дециметрлік антеннаны қосуы керек. Егер теледидарда DVB-T2 стандарты болмаса, онда сандық сигнал қабылдағышын сатып алуы керек.

Аналогтық теледидарды толық өшіре отырып, цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу жөніндегі жобаны іске асыруды аяқтау мақсатында Қазақстанның барлық аумағы бойынша 827 цифрлық радиотелевизиялық станция салу және жаңғырту жоспарлануда. Бүгінгі таңда 546 радиотелевизиялық станция пайдалануға берілді. Осылайша, халықтың 91,11% - ы цифрлық телевизияға кепілді түрде қол жеткізе алды.