Нұр-Сұлтанда «BYTEREKTE» инклюзивті шығармашылық көрмесі өтіп жатыр

Театр фестивалі аясында «Бәйтерек» монументінің астында «BYTEREKTE» инклюзивті шығармашылық көрмесі өтіп жатыр. Онда жас суретшілердің 40-қа жуық жұмысы қойылған, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Көрмеге кескіндеме, графика, инсталляция стилінде орындалған жұмыстар қойылды.

«BYTEREKTE» – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған инклюзивті шығармашылық көрмесі. Бұл көрмеде 4-23 жас аралығындағы 40-қа жуық жас суретшілердің жұмысы ұсынылды. Онда кескіндеме, графика, инсталляция, керамика техникаларындағы жұмыстар қойылды», – деді Е15 ARTSPACE өнер мектебінің мұғалімі Гүлмарал Тәтібаева.

Көрмеде ұсынылған жұмыстарды «Бәйтерек» монументіне келушілердің бәрі тамашалай алады. Мысалы, Әсия Ниязова отбасымен елордаға Алматыдан қыдырып келген.

«Біз Алматы қаласынан келдік, «Бәйтерекке» барғымыз келді. Мұнда жас суретшілердің шығармашылығын тамашаладық. Олардың жұмыстары ұнады. Менің де балаларым сурет салғанды ұнатады және суретші болғысы келеді. Мұнда көрме өтіп жатқанына қатты қуандық», – дейді ол алған әсерімен бөлісті.

Нұрайым Шымырбек бала күнінен сурет салумен айналысады, оның жұмыстары көрмеге қойылған.

«Сүйікті хоббиім – сурет салу. Бала күнімнен сурет саламын және сурет салу - демалу мен тынығу тәсілдерінің бірі деп сенімді түрде айта аламын. Бұл көрме менің рухани және шығармашылық дамуыма септігін тигізеді деп ойлаймын», – деп атап өтті жас суретші.

Айта кетейік, театр фестивалі елордада 28 қазанда басталып, 3 қарашаға дейін жалғасады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай оның алаңында елорданың 14 театры мен Ресейден шақырылған ұжымдардың 30-ға жуық қойылым көрсетіледі. Сондай-ақ, фестиваль бағдарламасында актерлік мастер-класс, бейнелеу өнері көрмелері өтеді.

Фестиваль қатысушылары мен қонақтарының денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іс-шараларға кіру Ashyq қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.