Түркістандағы туризм: қонақтар әжетхана таппай әлек

Түркістанда туристердің дәрет сындырып, қажеттілігін өтейтін арнайы орын жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24». Түркі жұртын қызықтыратын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында да бірде-бір талапқа сай келетін дәретхана болмаған. Салдарынан рухани астананы тамашалауға келген қонақтар әжетхана іздеп сандалуға мәжбүр.

Түрленген Түркістан рухани-мәдени орталыққа айналды. Кескін келбеті турнистерді өзіне тартқан еліміздегі маңызды орындардың бірі болып қалыптасты. Мәселен, оның басты тарихи жәдігері саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне биыл миллионнан астам турист келген. Театр, музей, кәде сый дүңгіршектері мен жайқалған бақты да табасыз. Тек қоғамдық әжетхана орындарынан басқа.

Өңірге арнайы келген қонақтар үшін бұл маңда жалғыз әжетхана бар. Ол визит орталығында. Заман талабына сай салынған орында жайлы жағдай жасалған. Жылы орын, құрғақ еден, дәрет алу орындары да қарастырылған. Кесенеге ат басын бұрғанның бәрі арнайы осында келуге мәжбүр. Алайда сапар орталығының қызметі мүлде басқа.

Өткір Амангелдіұлы, визит орталығының директоры:

– Екінші қабаттың өзінде негізі әжетханалар қарастырылған. Төменде мамандарға арналған әжетхана бар. Ол жерде дәрет алатын орын бар. Туристерге қызмет көрсетуге арналған лайықты орталық. Туристерден бөлек аудандардан, облыстардан зиярат етіп келетін қонақтар көп. Енді ол қонақтың бәрін әжетханамен қамтамасыз етеміз деп айта алмаймыз.

Рухани-мәдени орталық аумағында биыл пайда болған алты модульдік дәретхана бар. Ақылы негізде жұмыс істегенімен туристер үшін қолжетімді болды. Бірақ басты қажеттілікке айналғанымен қараусыз қалған орынның аумағы күл-қоқыстан көз ашпады. Себебі тазалыққа жауапты ешкім жоқ.

Ерсейіт Бұхарбаев, қалалық Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы:

– Жаздыгүні жұмыс жасаған. Қазіргі таңда күтіп ұстайтын мекеме болмауына байланысты уақытша жабық тұр. Біз өз тарапымыздан күтіп ұстайтын мекемені тағайындап жатырмыз. Жақын арада әжетханалар толық қосылатын болады. Қала қонақтарынан және қала тұрғындарынан уақытша туындаған қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз.

Бұл жағдай тек Түркістан қаласында ғана емес аймақтың барлық туристік аумағындағы өзекті мәселеге айналды. Осыған орай Мәдениет министрлігі келер жылдан бастап кәсіпкерлерге субсидия төлемек. Яғни қоғамдық дәретхананы салып, оны таза ұстағандары үшін айына 83 мың теңгені құрайтын қаржы төлеп отырмақ.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Раул Ғабитов, Ерболат Әбіш