Алматыда Сауытбек Абдрахманов «Журналист жүгі» дәрісін оқыды

Белгілі журналист, қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов алматылық студенттермен кездесіп «Журналист жүгі» атты көшбасшылық дәрісін оқыды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Филология ғылымдарының докторы, профессор өз дәрісінде қазақ журналистикасының кешегісі мен бүгіні жөнінде ой толғап, жастарға өмірлік тәжірибесінен мысал келтірді. Биыл 70 жасқа толған Сауытбек Абдрахманов 1975 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетін тәмамдаған. Еліміздің іргелі басылымдарында, телевизия, радио саласында, Мәдениет министрлігінде басшылық қызмет атқарды. Қаламгер «Тәуелсіздік шежіресі», «Адамзат күнтізбесі», «Біздің Пушкин» сынды ондаған кітаптың авторы. Шара барысында Сауытбек Абдрахманұлына ұлттық университеттің құрметті профессоры дипломы табысталды.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, журналист:

– Журналист мамандығын таңдаған адамдар бақытты мамандық таңдаған адамдар деп білемін. Өйткені бұл басқа жағын былай қойғанда бір жасаған жұмысыңды қайтадан жасамайтын қасиетімен-ақ ерекше. Бұл жұмыс ел көргізеді, жер көргізеді. Адамдармен араластарып, құраластырады. Өзінің бір өмірінде бәленбай мамандықтың өмірін сүріп көруге мүмкіндік береді. Осы тұрғдан қарағанда бұл ерекше мамандық.