Ақмола тұрғындары қайғы жұтқан отбасына алты миллион теңгеге үй салып берді

Ақмола облысында шаңырағы өртеніп, асыраушысы мен баспанасынан айырылған жалғызбасты анаға халық үй салып берді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Қайғылы жағдайды әлеуметтік желіден естіген ел-жұрттан бір аптаның ішінде 6 млн теңге жиналып, құрылыс жұмыстары бір айда аяқталды. Қаңқасы ғана қалған ескі үй кеңейтіліп, қайта салынды. Облыстық «Науан Хазірет» мешітінің ұйытқы болуымен жасалған қайырымды іске жергілікті кәсіпкерлерден бастап тұрғындардың бәрі атсалысты дейді ауыл тұрғындары.

Айта кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын Степногорск қаласына қарасты Байқоныс ауылында тілсіз жаудың кесірінен жас отбасының үйі толық жанып кеткенін айтқан едік. Қызыл жалын отағасы мен бес жасар баланы жалмаған еді. Апаттан аман қалған келіншек пен оның қос бүлдіршінін көпшілік осылай далада қалдырмады.

Ақерке Битан, Байқоныс ауылының тұрғыны:

– Басыма іс түсіп жатқанда қайғымды бөлісіп, көңілімді аулап жатқан халқыма рахмет! Көп-көп рахмет! Алла разы болсын! Басыма баспана салып беріп жатқан, ел болып көмектесіп жатқан халқыма рахмет! Рахметтен басқа айтарым жоқ.

Дәулет Құмарұлы, Байқоныс ауылының тұрғыны:

– Барша халық жұмылып, сонау Аралдан келіп, Тараздан келіп, біреулер келіп жаңа көмірін түсіріп кетті. Біреулер сылағын істеп кетті. Тағы біреулер шатырын жауып беріп кетті. Үйдің сыртын жасап жатқандар да бар. Ішке жылу батареясын орнатты. Сөйтіп халықтың көптеген көмегі тиді.