«100 шақырым+» челленджіне қатысушылар саны 2000-ға жуықтады

«100 км+» челленджіне қатысушылар саны күн санап артып келеді. Жаңадан қосылғандар да мәреге  20-ақ күн қалғанына қарамастан бұл қашықтықты жүгіріп өтуге ниетті. Қазірдің өзінде желаяқтар саны 2 мыңға жуықтаған. 

Осыдан алты ай бұрын Талғат Мұңбаевтың салмағы 100 келі болған. Жүргенде ентігіп қалады екен. Дұрыс тамақтану мен тұрақты жүгірудің арқасында 40 келіге арықтапты.

Талғат Мұңбаев, «100шақырым+» челленджінің қатысушысы:

– Жүгіруді бастағаннан бері бойымда бір тылсым күш пайда болды. Өзімді өте жеңіл сезінемін. Көңіл-күйім де көтеріңкі. Жаттыққан кезде рахатқа батамын.

Қазір Талғат күнара жүгіреді. Жаттықтырушысы ағзаға артық күш түспес үшін осындай нұсқау берген. «Хабар» Агенттігі ұйымдастырған «100 шақырым+» челленджі жайлы естігенде, бірден қатысуға бел байлапты. Қазірдің өзінде ол 150 шақырымды жүгіріп өткен.

Талғатты жаттықтырып жүрген Жандос Ахметов те челленджге қатысып жатыр. Ол жеңіл атлетикадан спорт шебері. Мұндай шаралар бұқаралық спортты дамытуға үлкен серпін береді, - дейді.

Жандос Ахметов, жаттықтырушы:

– Мен бұл челлендж туралы естігенде барлық таныстарыма хабарлап, жүгіруге шақырдым. Екі ай ішінде 100 шақырымды бағындыру кез-келген адамның қолынан келеді деп есептеймін. Ең бастысы ниет керек. Әрі ерік-жігеріңді тексересің.

Челленджге қатысып жатқан желаяқтардың нәтижесін арнайы қосымша арқылы бақылап отыруға болады. Қазір Көкшетау қаласының спортшысы алда келеді. Алайда 100 шақырымды бағындырған барлық үміткерлердің арасынан жеңімпазды кездейсоқ сандар генераторы анықтайды. Бас жүлде – бір жарым миллион теңге.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев

Сондай-ақ...