«Өзеннің лас суын қайнатып ішеміз». Халық таза суға зәру

Өркениеттен өгейлік көрген ауыл. Солтүстік Қазақстан облысында Ганчеровка елді мекенінің тұрғындары таза суға жарымай отыр. Ауылға құбыр тартылғанмен, тіршілік нәрі жоқ. Салдарынан қараша халық Есіл өзенінен тасып ішуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Елизавета Анастасьева кір жуатын машинаны жазда сатып алыпты. Бірақ әлі күнге дейін оның қызығын көрмеген. Судың жоқтығынан қымбат техника үйде керексіз болып тұр.

Елизавета Анастасьева, Гончаровка ауылының тұрғыны:

– Ауылға су береді деген соң септик қаздыртып, тіршілік нәрін үйге дейін тартқызып алдық. Ыстық судың қондырғысын да орнаттық. Бірақ, қуанышымыз көпке созылмады. Үш аптадай ғана су болды. Кейін қайта ажыратып тастады.

Халық құдық қазып алайын десе, мұнда жер астынан су шықпайды. Амалдың жоқтығынан ауылдағы ағайын іргедегі өзеннің лас суымен өзегін жалғап отыр.

Гончаровка ауылының халқы суды Есіл өзенінен ішеді. Тұрғындардың айтуы бойынша, әсіресе, тіршілік нәрін күзде, қыста және көктемде тасу қиынға соғуда. Өйткені елді мекен жоғарыда орналасқан.

Галина Тагильцева, Гончаровка ауылының тұрғыны

– Мына су 2-3 күнде бүлініп кетеді. Мамандар сараптама жасап, жарамсыз екенін айтты. Бірақ қайнатып ішеміз. Басқа амалымыз жоқ.

Мәселені шешу үшін осыдан бірнеше жыл бұрын «Соколов» топтық су құбырында қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Ол үшін ел қазынасынан қыруар қаржы да бөлінді. Бірақ, бұл жоба сақалды құрылысқа айналды.

Аяс Дәуренбеков, Берёзовка ауылдық округінің әкімі:

– Бұл ауылда негізінен барлық жұмыстар аяқталды. Бірақ жауаптылар түрлі сылтау айтып, тіршілік нәрін беруге асығар емес. Сондықтан аудан әкімі су ресурстары комитетіне арнайы хат жолдады.

Ал жауапты кәсіпорын басшылығы болса, мәселе келер жылы шешіледі деп сендіріп отыр.

Никита Забавин, «Есіл су» кәсіпорны филиалы директорының міндетін атқарушы:

– Бас мердігермен әлі де жұмыстар жалғасады. Нақтырақ айтсақ, сорғы қондырғылары мен қажетті технологиялық жабдықтарды орнату қажет. Бұдан соң мамандар суға химиялық-бактериологиялық талдау жүргізеді. Содан кейін ғана су беріледі.

Өңірде су мәселесі өткір. Қазіргі таңда облыста 233 елді мекен әлі таза ауыз сумен қамтамасыз етілмеген.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев