Алматы - Доха бағытында жаңа әуе рейсі ашылды

Qatar Airways әуе компаниясының Алматы - Доха бағыты бойынша жаңа халықаралық рейстің ашылу салтанаты өтті.

Бұл туралы ҚР Азаматтық авиация комитеті фейсбук-парақшасында хабарлады.

Ашылу салтанатына Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, Алматы қаласы әкімдігінің орынбасары Серік Құсайынов, Катардың Қазақстандағы Елшісі Абдулазиз Сұлтан Әл-Румайхи, Qatar Airways әуе компаниясының Шығыс өңірлер бойынша аға вице-президенті Марван Колелайт, Алматы қаласы әуежайының президенті Алп Ер Тунга Эрсой қатысты.

Рейстер аптасына 2 рейстің жиілігімен сыйымдылығы 132 кресло (12 бизнес класс, 120 эконом класс) Airbus А320 типті әуе кемелерімен орындалатын болады. Жолаушылар Дохадағы Хамад халықаралық әуежайы арқылы 140-тан астам тағайындалған пункттерден тұратын Qatar Airways әуе компаниясының бағыттар желісін пайдалана алады.

Бұл бағытта рейстер 2020 жылдың көктемінде ашылуы жоспарланған болатын, бірақ пандемияға байланысты тоқтатылды.

Азаматтық авиация комитеті халықаралық бағыттарды қалпына келтіру, сондай-ақ жаңа халықаралық бағыттарды ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Qatar Airways әуе компаниясы Skytrax халықаралық әуе көлігі рейтингтік ұйымының «Жыл әуе компаниясы» болып жарияланды.