«Нұрлы жер»: Ақмола облысында жыл басынан бері 3,5 мың отбасы баспаналы болды

Ақмола облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен жыл басынан бері 500 мың шаршы метрге жуық пәтер пайдалануға берілді. 3 жарым мың отбасы баспаналы болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 процентке көп. Әлеуметтік нысандардың да құрылысы қарқынды. Қазір аймақта 16 мектеп, 4 спорт кешені мен бірнеше емхана салынып жатыр.

Көкшетау қаласының «Сарыарқа» мөлтек ауданындағы көп қабатты үйлердің біразы «Нұрлы жер» бағдарламасының жемісі. Мұнда мемлекеттік жоба бойынша жылына кемінде 5-6 үй пайдалануға беріледі. Ал биыл 8 үй кезекте тұрғандарға үлестірілген. Тағы бірнешеуі салынып, дайын тұр.

Ғабит Қаппасов, мердігер компания өкілі:

- Қазіргі таңда үйде отопление қосылған, водопровод қосылған, канализационный сетьке қосылған. Ішінде қазір есіктер қойылып жатыр. Линолеум төселіп жатыр. Осы үйді 16 желтоқсанға тапсырылуға жоспарланып отыр.

Ермек Қарағаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Тұрғын үй тапсыруда қазір облыс бойынша Көкшетау қаласы мен Целиноград және Бурабай аудандары көш бастап тұр. Пәтер беруде негізгі басымдылық әлеуметтік әлжуаз топтағы адамдар мен көп балалы отбасыларға жасалады. 

Ал бағдарламамен салынып жатқан әлеуметтік нысандардың көбі мектеп. Мәселен, облыс орталығының өзінде бірнеше білім ошағының құрылысы жүріп жатыр. Соның бірі №4 мектептің қосымша ғимараттары. Мұнда енді су жаңа 360 орындық оқу корпусы, кең асхана мен мәжіліс залы, сондай-ақ спорт кешені  болады.

Дүйсенбай Әбдіраханов, құрылыс компаниясының өкілі:

- Өткен жылы біз 282 млн теңге игергенбіз, бөлінген ақшаны полностью. Ал, биылғы жылы бөлінген 700 млн ақшаны осы қазан айына дейін толық игердік. Қазіргі таңда спорт залдың тас қалау жұмыстары, бетон жұмыстары кетіп жатыр. Егер биылға қаражат жақсы бөлінетін болса, қалған 315 млн теңге, биылға тапсыруға дайынбыз. 

Жыл соңына дейін әлеуметтік нысандардың ішінен тағы 3 мектеп, 2 емхана мен 1 спорт кешені пайдалануға беріледі, дейді мамандар. Ал қалғандарының құрылысы келесі жылы аяқталмақ.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный