Ел Үкіметі 20-дан астам әуе рейсін қаржыландырады.

Ел тұрғындары субсидияланатын ішкі әуе рейстерін көбейтуді сұрап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір ұшақтар 23 бағытқа қатынайды. Жуырда Алматы-Тараз әуе желісі ашылды. Дегенмен бұл жеткіліксіз. Шалғай аудандардың арасын жалғап, ұшу географиясын кеңейту. Елде ішкі рейстерді субсидиялаудың негізі себебі осы. Қазір Үкімет 20-дан астам әуе рейсін қаржыландырады. Олар: Түркістан, Үшарал, Балқаш және Көкшетау бағыттары. Алайда кейбірі, әсіресе халқы азғантай елді-мекендерде әуе айлағы жаңғыртуды қажет етеді.

Ербол Оспанов: Азаматтық авиация академиясының кафедра меңгерушісі:

– 30 жыл ішінде мұндай әуежайларды кім күтіп ұстады? Шығыс Қазақстандағыдай ұшу-қону жолағы топырақтан болса, оған арнайы күтім қажет. Бұрын шөпке арналған тұқым себілетін, кейін ол жолақ бойымен өсетін. Соған сай техника да болды. Ал қазір ше? Мәселе сонда.

Биыл елде әуе желілерін субсидиялауға 5 млрд теңге бөлінген.  Қаржы республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан алынады. Яғни алдымен ақша көлемі бекітіледі. Кейін әуекомпаниялары арасында конкурс жарияланады. Субсидия  –   әуекомпаниясының шығыны мен табысы арасындағы айырмашылықты жабу үшін беріледі. Десе де сарапшылар одан бір тиын  шашау шықпай, мақсатты игерілуін қадағалау кемшін деген пікірде.

Ербол Оспанов, Азаматтық авиация академиясының кафедра меңгерушісі:

– Әрине субсидия керек. Ауыл шаруашылығында бар біздің салада да болуы тиіс. Алайда қаржыны кім бақылауда ұстайды? Нәтиже бар ма? Мәселен, өзбек ұлтын алайық. 2017 жылы президент Мирзиеев авиациялық жұмыстарды атқаратын компанияларды 2022 жылдың қаңтарына дейін салықтан босату туралы жарлық шығарды. Бұл жерде әңгіме субсидия турасында болып тұр. Егер біз ішкі туризмді дамытамыз десек, әуекомпанияларына көмектескеніміз жөн.

Айту керек, субсидияланатын ұшақ билеті анағұрлым арзан. Себебі талап солай. Оны ұшу бағытына қарай  8 мың мен  25 мың теңге аралығында сатып алуға болады. Әуекомпаниялары сұраныс бар сатылымдағы билеттің 70 проценті демде өтіп кетеді дегенді айтып отыр. Тұрғындар да мұндай ұшақтарды жыл бойына ұшыруды сұрайды.

Руслан Шаяхин Азаматтық авиация комитетінің бас сарапшысы:

– Алматы-Үржар, Нұр-Сұлтан-Үржар секілді туристік әуе бағыттары бар. Бұл аралыққа ұшақтар тек 6 ай ғана, мамыр мен қазан аралығында ұшады. Ұшақтар тоқтап қалған кезде халық оларды қайта іске қосуды сұрайды. Алайда туристер ағыны азайған соң бортты толтыру да қиын. Мұндай әуе рейстерін жыл бойына ұшыру бюджетке салмақ салады.

Алайда биыл елде жанар-жағармай тапшылығы байқалды. Азаматтық авиация комитеті келер жылы қолда бар қаржы жетпесе, тағы сұратуға ниетті.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ерзат Зайытхан