БҚО-да 33 млн теңге жымқырған «Қазпошта» мекемесінің қызметкерлері қамалды

Батыс Қазақстан облысында «Қазпошта» мекемесінің қызметкерлері аталған акционерлік қоғамға тиесілі 33 миллион теңгені жымқырған.

Олар жергілікті серіктестіктердің бірінің аударған қаржысын өздеріне еншілеп отырған. Қазір Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 189-ыншы бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұдан басқа пошта қызметкерлерінің зейнеткерлердің 7 млн теңгесін алдап иемденіп кеткені әшкереленді.

Мерей Мұратбеков, БҚО Экономикалық тергеу департаментінің басқарма бастығы:

– БҚО екі тұрғыны осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен ұсталып, ҚР ҚІЖК 128-бабы негізінде Орал қаласы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін басқа да ақпараттар қосымша жарияланатын болады.