1999 жылы Қазақстанда алғаш рет ұлттық халық санағы өтті

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған дәстүрлі айдарымызды жалғастырамыз. Бүгін 1999 жылы болған елеулі оқиғаларға көз жүгіртіп өтсек.

1999 жыл «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жарияланды. Яғни ұлттың тарихи танымына мемлекет деңгейінде мән беріле бастады. Шын мәнінде ел тәуелсіздігі нығайып, алдағы даму реформаларын сәтті жүргізудің бірден бір кепілі ұлт бірлігі мен қоғамдық келісім еді. Ал ұлттық, ұлтаралық тұтастықты сақтау ұрпақтардың өзара ықпалдастығын тиімді үйлестірері сөзсіз. Сондықтан ел ішіндегі белсенді жастар ұйымдарын бірлікке шақыратын түрлі шаралар ұйымдастырылып, сабақтастықты жалғастыру аманат етілді.

Демократиялық сайлау

Ал еліміздің саяси ахуалына келсек, 1999 жылдың басты оқиғасы 10 қаңтарда өткен Президент сайлауы еді. Елімізде тұңғыш рет баламалы негізде демократиялық үрдіспен өткен сайлауда халық басым дауыспен Нұрсұлтан Назарбаевты қайта сайлады. Яғни сайлаушылардың 81,71 проценті Елбасына сенім артып, дауыс берді. 

Ұлттық халық санағы

Сонымен қатар 1999 жылдың басты оқиғаларының бірі – Тәуелсіздіктен кейін алғаш рет өткен ұлттық халық санағы. Ақпан-наурыз айларындағы науқан барысында халық санының 14 миллион 652,7 мың адамға жеткені анықталды. Оның ішінде басым ұлт, яғни қазақ ұлтының саны 53,4 процентке жеткені белгілі болды. Бұл шын мәнінде егемен елдің зор жетістігі болатын.