ШҚО-да бұғы мүйізімен емдеу орталықтары жазбен қатар қыс мезгілінде жұмыс істейтін болды

Шығыс Қазақстан облысында бұғы мүйізімен емдеу орталықтары қыста да жұмыс істейтін болды. Енді шипажайларға туристер тек жазда емес, жыл бойы келе алады. Орталық қызметіне деген сұраныс жоғары.

Пантымен емдеу қызметін ұсынатын орталықтың көбі марал шаруашылығы дамыған Қатон-Қарағай ауданында. Мұнда бұғы мүйізінің сорпасына мамыр мен шілде аралығы түсуге болады. Бұл туристер үшін тым аз уақыт. Сондықтан аудандағы пантымен емдеу орталығының бірі биыл алғаш рет демалушыларды қыста қабылдап жатыр.  

Назерке Асқарқызы, пантамен емдеу орталығының директоры

- Көп адам жазда үлгірмей қалады, жұмыста болады, отпусктері қысқа болады. Енді көпшілік не екенін білу үшін қыста да істейік деп шештік. Қыста келіп жатыр адамдар, біреу Алматыдан, Москвадан адамдар келді, оларға жасап бердік, олар көргілері келеді, білгім келеді, сондықтан біз жасап беріп отырмыз.

Ерекше ем іздеп, ат арылтып келгендердің қарасы енді қысы-жазы үзілмейін деп тұр. Барлығы да өздеріне ыңғайлы уақытта шипалы сорпаға түсіп, денсаулықтарын түзеуге ниетті.

Иван Божков, турист /Алматы облысы/:

- Алғашқы күні денеме күш құйылып, қан тарағандай болды. Өйткені марал мүйізінің сорпасы амин қышқылдарына бай екенін білемін. Ары қарай тағы екі күн қабылдадым. Бойым сергіп қалды. Сөйтіп, мінеки қазір Қатон-Қарағайдың қысқы табиғатын тамашалап кеп тұрған бетім. Мүлде шаршаған жоқпын. Енді келер қысқа қарай отбасыммен келсем деген ойым бар. 

Қатон-Қарағайда 3500 бастан астам марал бар. Дегенмен, машақаты көп шаруашылықтан табыс көру қиын. Сондықтан қысқы туризмді түрлендірудің пайдасы болмаса зияны жоқ, дейді туристік сала өкілдері. Енді тіпті шаңғы курорттары да панты орталықтарын ашып қойды.

Александр Чиликин, шаңғы курортының басшысы:

- Шаңғыны кез келген адам тебе алмауы мүмкін, бірақ барлық адам денсаулығын түзегісі келеді ғой. Сондықтан марал өсіріп, мүйіздерін кесіп алдық. Олар мұздатқышта сақталып тұр. 

Айта кету керек, өлкеде шаңғы маусымы биыл жылдағыдан ерте басталды. Қазір тауға күніне мың турист келеді. Енді олардың қатарын марал мүйізінің сорпасын іздеп келушілер де көбейтпек.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов