Қарағандының Шет ауданында ірі қара кеселінің беті қайта бастады

Қарағанды облысы Шет ауданының жеке қосалқы шаруашылықтарындағы ірі қара арасында тараған вирустық ринотрахеиттің беті қайта бастады.

Бұл туралы өңірлік ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясы мамандары мәлімдеді. Қазір бірқатар ауылға шектеу шаралары енгізіліп, жаппай дезинфекциялау жүргізіліп жатыр. Облыстық ветеринарлық басқармасының мәліметінше, бүгінде 775 ірі қарадан қауіпті аурудың белгілері анықталып, 6 сиыр өлген. Қазір аудандағы бірқатар елді мекенде індет белгісі бар тұяқтылардан сынама алынып, бақылау жұмыстары күшейтілген. Мамандар ринотрахеит індеті шетелден әкелінген асыл тұқымды малмен келген болуы мүмкін деп топшылап отыр. Ол адамға және өзге де түлікке қатерлі емес. Көбінесе ірі қараға тән. Жұқтырған малдың тыныс жолдары тарылып, кәдімгі жөтел қысады.

Данияр Мерғазин, ҚР АШМ Өңірлік ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясы басшысы м.а:

- Ауру таралу себебі дегенге келсек, бұл енді Ақжал кенті жол бойында орналасқан басқа жерден әкелінген мал болуы мүмкін немесе ветеринарлардың рұқсатынсыз, ескертпестен басқа жерден алып келіп, карантинге қойылмаған себебінен болады негізінен. Қазіргі күні ауру тіркелген ошақтарда дезинфекция жүргізіліп, 1300 ірі қараға вакцина егу жұмыстары жүргізілді.