Үй бағасының өсу қарқыны төмендей ме? Отбасы банк басшысының болжамы

Зейнетақы жинағын пайдалану арқылы сатып алынған ең қымбат үйдің құны 162 миллион теңгеден асады. Баспана премиум санатқа жатады. Ал ең арзаны 1 миллионға рәсімделді. Бұл туралы Отбасы банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.

Оның айтуынша биыл 179 мың 192 азамат үйді ипотекасыз сатып алды. Келісімшарт саны былтырмен салыстырғанда көбірек. Бірақ қазір зейнетақы жинағын пайдаланып, үйді толықтай сатып алатындар азайды. Бұл тұрғын үй бағасын тұрақтандыруға әсер етеді.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы Банк» АҚ басқарма төрағасы:

– Үй бағасы биылғыдай 10 пайыздап қымбаттамайды. Өйткені зейнетақы жинағын пайдалану 1 сәуірде аяқталады. Қазірдің өзінде келіп түскен барлық өтінімдер – депозиттерді толықтыруға, ипотеканы өтеуге арналған, ал тұрғын үйді толығымен сатып алуға өтінімдер өте аз. Қазір нарықтағы ұсыныс өте үлкен, бұрын-соңды болмаған 15 млн шаршы метр баспана салып жатырмыз. Менің ойымша, бағаның өсу қарқыны төмендейді.