Атырауда мәдениет саласындағы былық әшкере болды

Атырауда мәдениет саласындағы 15 нысаннан 1,3 млрд теңгенің заң бұзу деректері анықталды. Оның 903 млн теңгесі жоспардан тыс жұмсалса, 370 млн теңгеден астам ақша тиімсіз пайдаланылған, деп хабарлайды Хабар 24.

2019 жылы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония 130 млн теңгеге 20 мың дана кітап сатып алып, бір данасының бағасын 6500 теңге деп көрсеткен. Ал кітаптың орташа бағасы 3 мың теңге. Сондай-ақ облыста жан-жақты жоспарланбай, көркемдік кеңестің келісімінсіз өткізілген мәдени шараларға 860 млн теңге заңсыз шығындалған. Басқарма тарапынан бюджет кодексінің талабы жиі бұзылған. Әсіресе, қызмет көрсету мекемелерімен жасалған келісім шарттарда қызмет құнын асыра көрсету әдетке айналған.

Нұрбол Қонысов, Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі:

– Жыл басында бекітіліп, яғни Атырау облысы әкімдігімен келісілген жұмыс жоспарының сомасы кәспорынмен жасалған келісім шарт арасындағы сомадан айырмашылықтар анықталды. Мәселен, 2019 жылы Атырау обылстық әкімдігімен келісілген жұмыс жоспарының сапасыз жасақталуынан жыл ішінде бөлінген қаражаттың бекітілген жоспардан тыс басқа мәдени шараға жұмсалуы – 152 млн теңгенің тиімсіз пайдаланғанын көрсетті.