Белгілі спортшы интернет алаяқтардың арбауына түсіп қалды

Алаяқтық ел бойынша күрделі проблемаға айналды. Таяуда белгілі спортшы Фируза Шәріпова осындай жағдайға душар болды. Ол интернетте алдын-ала тапсырыс жасап, тіпті ақшасын да төлеп қойған. Алайда тауар сол күйі келмеген. 

Жаңа жыл қарсаңында кез-келген отбасы үй ішін сыйлықпен қуантқысы келеді. Біреулер сауда орындарын аралап, қалаған тауарын сатып алады, ал енді біреулер интернет дүкендердің көмегіне жүгінеді. Осындай онлайн сервисті пайдаланғандардың бірі – спортшы Фируза Шәріпова. Бірақ ол алаяқтардың арбауына түсіп қалды.

Фируза Шәріпова, спортшы:

– Олар екі күннің ішінде шыршаны жеткізіп береміз деп уәде етті. Арада төрт күн өтті. Таңдаған тауарым жоқ. Ақшасы болса, төленген. Қайта хабарласқанымда, алаяқтар екенін бірден түсіндім. Өйткені олар менімен дөрекі сөйлесті. Әрі тауар жайлы ештеңе білмейтіндерін айтты.

«Мұның бірнеше себебі бар», – дейді киберқауіпсіздік жөніндегі мамандар. Біріншіден қарбалас кезінде көпшілік интернеттегі саудаға көбірек иек артады. Екіншіден алдын-ала төлем жасау кезінде тәуекелдерді ескере бермейді.

Олжас Сатиев, киберқауіпсіздік жөніндегі маман:

– Интернет дүкеннің мекенжайын оңай тексеруге болады. Оны, ең алдымен, гугл картадан іздейсіз. Ол жерден таппасаңыз, фишингтік дүкен боп шығуы әбден мүмкін. Бағаға да мән берген жөн. Тауардың шын мәніндегі құнынан әлдеқайда төмен бағаны көрсетсе, алданып қалу қаупі жоғарылай береді.

Жалған дүкен иелерінен бөлек, өздерін банк қызметкерімін деп таныстырып, халықты алдап-соғатындар кездеседі. Алаяқтардің айла-тәсіліне банк картасының құпия деректерін ұрлау да кіреді. Сондықтан полиция өкілдері азаматтарға мереке қарсаңында аса сақ болуға шақырады. Және қаржылық тұрғыда сауатты болу керектігін ескертеді. «Ал интернет, әсіресе, инстаграм желісіндегі жарнамаларға сене бермей, тауарға нақты қол жеткізген соң ғана төлем жасаған жөн, – дейді тәртіп сақшылары.

Рауан Мыңбаев