СҚО-да кәсіпкер қаңғыбас ит, мысықтарға еуропалық стандартқа сай кешен салды  

Бүгінде мұнда 100-ге тарта ит пен 50 мысық бар. Болашақта мұнда ветеринарлық клиника да ашылмақ, деп хабарлайды Хабар 24.

Солтүстік Қазақстанда биыл 15 мың қаңғыбас ит пен мысық атылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 61 миллион теңге жұмсалған. 

Мамандардың айтуынша, облыс орталығында сүріліп жатқан үй иелері көшкенде төрт аяқты достарын тастап кетеді. Олардың жағдайына алаңдаған Петропавлдық кәсіпкер хайуандарға арналған тұрақ ашты. Қаңғыбас иттерге арналған тұрақ шаһар шетінде. Яғни орманға жақын жерде орналасқан. Аумағы да кең. Шамамен екі гектар.

Төрт аяқтылардың басым көпшілігін иелері көшкен кезде тастап кеткен.

Александр Маланин, тұрақ  директорының орынбасары:

– Күніне екі мәрте тамақтандырамыз. Жарма, пісіріп береміз. Әрқайсысына жеке қарау қажет. Сонда олармен жақсы қарым-қатынас орнатасың.

Мұнда иттерге арналған орындардың саны тағы да көбейтіліп, келер жылы 500-ге жетеді. Ал екі қабатты ғимаратта мысықтар орналастырылған. Бүгін «Васьяның» жолы болды. Мейірімді жандар оны өз қамқорлығына алды. Нысанның ашылу салтанатында өнер көрсетуге келгенде Алла Кувшинова мысық аламын деп ойламады.

Алла Кувшинова, қала тұрғыны:

–Мен оны «Вася» деп атадым. Бірнеше мысықты қолыма алғанда ол маған еркелеп, пырылдап қоя берді. Енді үйдегі  итімнің жаңа досы бар. Олар тез тіл табысып кетеді деп ойлаймын.

Тәлімбақты кәсіпкер Андрей Исаков салды. Ол 10 жылдан астам уақыттан бері жануарларды қорғаушыларға көмектесіп жүр. Яғни азық пен ветеринарлық клиникаға кететін шығындарды өзі көтеріп келді. Ит-мысықтарды жақсы көргендіктен өзі армандағандай үлкен кешен ашты.   

Андрей Исаков, кәсіпкер:

– Осындай тіршілік иелеріне жағдай жасағым келді. Қаңғырып жүрген ит-мысықтар жақсы өмірге лайық. Сондықтан осындай әлемдік деңгейдегі нысан салуды мақсат еттім. Құрылысты бастамас бұрын бірнеше елде тәлімбақтарды аралап көрдім.

Кәсіпкер жануарларды асырап-бағу үшін ай сайын 7 млн теңге жұмсайды. Ал тұрақта ветеринар, аспаз, аула тазалаушы, күзетші, пеш жағушы сияқты 20 адам жұмыс істейді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев