Атыраудағы газ-химиялық кешенінің негізгі құрылысы аяқталды

Елімізде ең ірі жобаның бірі – Атыраудағы газ-химиялық кешеннің негізгі құрылысы аяқталды. Қазір алдын ала іске қосу-реттеу жұмыстары басталған. «KPI» ЖШС-нің газ-химиялық кешеніне Теңіз кен орнынан пропан жеткізілді. Жаңа бағыттағы жобаны жүзеге асыра отырып «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы көмірсутекті өңдеуді игере бастады. 

«KPI» ЖШС-і газ-химиялық кешенінің құрылыс жұмыстары кезінде 165 мың текше метр бетон құйылды. 261 шақырым технологиялық құбыр желісі тартылды. Елді әбігерге салған қауіпті індет кезінде де құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ. Құрылысқа 40-тан астам отандық компания  жұмылдырылды.

Асхат Қазенов, «KPI» ЖШС өндіріс жөніндегі директор:

– Құрылысты бітірдік. Бүкіл энергоресурстар «KPI»-ға қабылданды. Электроэнергия, ауа, су бәрін қабылдадық. Негізгі құрылыста қазақстандықтар жұмыс істеп жатыр. Құрылыста шамамен 40 компания Қазақстаннан болды. 2022 жылдан бастап, бізде пусконаладка жүреді. 500-ден астам жұмыс орыны пайда болады.

Зауытқа бүгін Теңіз кен орнынан теміржол тасымалы арқылы 36 вагон пропан жеткізілді. Алдағы уақытта оның көлемі тәулігіне 72 вагонға дейін жетеді.  Ал пропан әрқайсысының сыйымдылығы 2500 текше метр болатын 4 резервуарда сақталады. Олар Оңтүстік Кореядан жеткізілген.

Болат Әбдуәлиев, «KPI» ЖШС Жобалау және құрылыс бойынша басқарушы директоры:

– Біздің зауыт барлық экологиялық заңға сай. Бізге келетін пропан ТШО-дан барлық зиянды қоспалардан тазаланып келеді. Біздің зауыттан ешқандай күкірт сутегі және хош иісті көмірсутектер бөлінбейді. Біздің зауыт қосылғаннан кейін цифровизацияға сай зауыт болады.

Газ-химиялық кешені заманауи талаптарға сай.  Дайын өнім сақталатын қоймада  жұмысшылар емес, роботтар жұмыс істейді. Жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт іске толық қосылғаннан кейін ел экономикасының дамуына  жол ашады.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов