Алматылық мәнерлеп сырғанаушы туризмді дамытуға үлес қосуды көздейді

Алматылық мәнерлеп сырғанаушы Ксения Панкратова жұртты тағы таңқалдырды. Ол Көлсайдағы мұз айдынында жаңа бейнеролик түсіріп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ксения спорт арқылы Қазақстан табиғатының сұлулығын паш етіп, туризмді дамытуға үлес қосуды көздейді. Қазір оның ролигіне әлеуметтік желіде пікір жазып, бөлісіп жатқандар өте көп.

Қазақстандықтар алғаш рет талантты мәнерлеп сырғанаушы Ксения Панкратова туралы 2018 жылдың қараша айында білді. Әлеуметтік желіде Ксенияның Үлкен Алматы көлінде конькимен күрделі қимылдарды орындаған бейне ролигі пайда болды. Көпшілік табиғаттың көз тоймайтын әсем көрінісімен үйлескен спорттық өнерге тамсанды. Алайда біраз адам конькишінің мегаполисті ауыз сумен қамтамасыз ететін стратегиялық нысанда сырғанауын құп көрмей, теріс пікірлер жазған болатын. Ол үшін Ксения кешірім сұрады да. Бірақ ол мұз болып қатқан тау көлдерінде өнер көрсетуді жалғастырып келеді.

Ксения Панкратова, фитнес және мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы:

- Қазіргі уақытта мен жағымсыз пікірлерге назар аудармауға тырысамын, өйткені мен мұны өзім үшін жасаймын, бұл маған ұнайды. Мен мұны Қазақстандағы туризмді дамыту үшін жасап жатырмын. Әлемдегі адамдар Қазақстанды көріп, бізге келгісі келетін шығар.

Ксения Панкратова мәнерлеп сырғанаумен 3 жасынан бастап айналысып келеді. Бүгінде ол 24 жаста, спорт шеберлігіне үміткер. Қазір жеке фитнес орталықтарының бірінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Ал мәнерлеп сырғанау сүйікті ісіне айналған. Оған еліміздегі экологиялық туризмді дамытушы компаниялар қолдау көрсетуде. Қазірдің өзінде еліміздің ең көрікті жерлері Баянауылдағы Жасыбай мен Торайғыр көлдерінде, Күнгей Алатауындағы Қайыңды көлінде әсем бейне роликтер түсірген. Ал Ксенияның Қапшағай мұзында сырғанауынан соң алматылықтар су қоймасына ағыла бастады. Соңғы жаңа  бейнебаян төменгі Көлсайда түсірілген.

Ксения Панкратова, фитнес және мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы:

- Соңғы бейнероликті Қазақстандағы танымал бейнеоператор Анзор Гасаевпен бірге түсірдік. Оның Қазақстанның табиғаты, көрікті жерлері, қалалары туралы таңғажайып жұмыстары бар. Басқа бейнеоператорлармен жобаларым да болды. Сондай-ақ Instagram желісінде танымал бейнеоператор Талашинмен Жасыбайда, әсіресе Баянауылда әсерлі бейнебаян шықты.

Ксения әлемдегі әсем көлдерде де сырғанауды армандайды. Бұл мақсаттағы алғашқы бейнебаянды Ресейдің Байкал көлінде түсіргім келеді, дейді талантты мәнерлеп сырғанаушы.

Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Әбен Нарынбаев