Биыл Аяз атаның сыйлығы емес, вакцинасы маңызды

Үйге келетін Аяз ата вакцина алған ба? Қағытпа қалжың болып көрінгенімен, бұл бүгінгідей коронавирус өршіген тұста өзекті болып тұр. Себебі балалардың көңілінен шығып, отбасына мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін сақтық екенін кім кімге маңызды, деп хабарлайды Хабар 24.

Осы ретте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары Алматыда Аяз ата мен Ақшақар қызметін ұсынатындарға бірнеше талап қойып отыр. Енді ол орындалуы тиіс. Яғни киімдерін уақытылы дезинфекциялау және вакцинация паспортының болуы құпталады. Анна Короткова мен Петр Лукашенко 5 жылдан бері аниматор болып жұмыс істейді. Аяз ата мен Ақшақардың жаңажылдық дуэті балаларға ғана емес, ересектерге де қуаныш пен көңіл-күй сыйлайтыны жасырын емес. Алайда олар індеттің салдарынан жаңа талаптарға бейімделуге тура келгенін айтады.

Анна Короткова, аниматор:

– Пандемияға дейін жұмыс істеу, әрине, оңай болды. Адамдар да ашық-жарқын қарсы алатын. Қазір Аяз ата мен Ақшақарға тапсырыс берушілердің талабы көп. Кейбіреулер бетперде тағып келсеңіздер дейді. Бірақ бетперде жаңажылдық кейіпкерлердің әдемілігіне сай келмейді. Сондықтан денің сау екеніне дәлелің болу керек.

Анна мен Петрдің әріптесі Тамерланның да бұл салада істеп жүргеніне талай жыл болған.

Оның айтуынша, пандемия аниматорлардың қызметіне айтарлықтай «салқынын» тигізген. Бұрын клиенттер кезекте тұрса, былтыр тапсырыс үш есеге азайған. Әйтеуір биыл шектеу жоқ. Тек эпидемиологтардың кеңесін естен шығармау қажет.  

Тамерлан Тхостов, аниматор:

– Кез келген мерекеде балалардың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында. Біз оларға  бақыт пен қуаныш сыйлауға шығамыз, сондықтан талаптарды сақтауға тырысамыз. Вакцинация паспорты жоқ аниматорлаға жұмыс істеуге  рұқсат етілмейді. Немесе ПТР-тесті болуы тиіс.

– Вакцинация алу керек. Біз өзіміз алдық.

–Вакцина алғаны керек. Сақтықта қорлық жоқ. Ғылыммен дәлелденген жол.

–Екпе алған-алмағаны маңызды емес. Бірақ олар маска тағуы керек.

Әдетте қала тұрғындары Аяз атаның бойының биік болғанын қалайды екен. Даусы күмбірлеп тұрса, тіптен жақсы. Ал Ақшақар сүйкімді болса дейді. Биыл енді бұған қоса, анықтама сұрауға тура келіп тұр.

Сәдуақас Байғабылов, қалалық СЭБД басшысының орынбасары:

– Коронавирустық инфекцияны болдырмау үшін негізгі талаптар орындалуы керек. Яғни вакцинация паспорты немесе теріс ПТР-нәтижесі болуы қажет. Сондай-ақ үйіңізге Аяз ата мен Ақшақарды шақыру кезінде әлеуметтік қашықтық пен бетперде режимін сақтауды ұмытпаңыз.

«Биыл сұраныс қайта жандана бастады»,– дейді аниматорлар. Сондықтан таңғы тоғыздан түнгі үшке дейін жұмыс қауырт. Әшейін кіріп-шығып құттықтағаны 15 мың теңгеден басталады. Шоу бағдарламалар қосылса қымбаттай береді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ғафу Уәли, Радик Джакупов