Жамбыл облысында баламалы энергия өндіретін 12 станция салынады

2030 жылға дейін Жамбыл облысында күн, жел және ағын судан энергия өндіретін 12 станция салынады, деп хабарлайды Хабар 24.

Нәтижесінде өңір баламалы энергетика саласын дамыту бойынша елімізде бірінші орынға шығады. Аймақта қазір аталған нысанның 32-сі жұмыс істеп тұр. Жамбыл облысында 17 баламалы энергия өндіретін нысан жұмыс істеп тұр. Оның он екісі гидро және жел электр станциясы. Қалғаны күннен қуат алады. 

Алмас Омаров, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасының басшысы:

– Облысымыздың көлемінде 11 айда 2,6 млрд энергия өндірілген болса, оның 27 проценті 708 млрд Квт сағаты жаңартылатын энергия көздерінен өндіріліп отыр. Жамбыл облысы потенциялы жел, күн электр станциясына қолайлы болғандықтан инвесторлар қызығушылығын танытып отыр. 

Қазір аймақта баламалы энергия өндіретін алты станция салынып жатыр. Соның бірі Жамбыл ауданында орналасқан. Онда 50 мегаваттық 110 мың екі жақты панельдер орнатыла бастады. Құрылысқа 150 адам жұмылдырылған. Келесі жылы нысан пайдалануға берілгенде жиырма маман тұрақты жұмысқа алынады.

Жандос Райбекұлы, Күн электр станциясының басшысы:

– «Айша» КЭС электр энергиясын болжамды жылдық өндірісі жылына 91,9 млн квт сағатына құрайды. Бұл атмосфераға көмірқышқыл газын шығарылымдарына 33 мың тоннасын болдырмауға және он мыңнан астам үй шаруашылықтары мен өндірістік объектілерді шартты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жамбыл облысы баламалы энергияны өндіруде республикада бірінші орында тұр. Еліміздегі күн, жел және ағын судан алынатын электр тоғының 20 проценті аталған аймақта шығарылады. Саладағылар бұл көрсеткішті жыл сайын арттырып, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайтуға ықпал етпек. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Анастасия Сүлейменова, Тимур Сейілхан