Елімізде автокөлік арзандауы мүмкін бе?

Елдегі жеңіл көліктің тең жартысы тозды. Пайдаланғанына 20 жылдан асып кеткен ескі-құсқы техника көп. Себеп утилизациялық алымды бақандай 20-30 есеге көтеріп, оның үстіне әлемде жоқ салық түрлерін ойлап тауыппыз. Сөйтіп қолы жеткен қазақстандықтар өзге елдерге қарағанда кей көлік түрлерін 2-3 есе қымбатқа алып, мініп жүр, деп хабарлайды Хабар 24.

Ел көліктің тәуірін мінсем дейді. Бірі жұрттан қалмайын десе, бірі шаруасын қамдау үшін алады. Қолы жеткені тозығын емес, шекара асып келген озығын тақымға басып жүр. Ал көбінің құрығанда 5-6 жыл бұрын зауыттан шыққан шетелдік көлікті мінгісі келеді. Бірақ қалта көтере бермейді. Өйткені шетелде екінің бірі мініп тастап кететін техниканың алды салықтың тым көптігінен бізге жеткенде 2- 3 есе қымбаттап шыға келеді.   

Нұраддин Садықов, кәсіпкер:

– Енді біздің бағаға шаққан кезде 4,5 5 миллион теңгенің айналасында болса, Америкада бізде бұл 15 милион 3 есе қымбат осы утилизация алымының жаңағы алғашқы тағы да ана техргеламенттің кесірінен бірден 3,5 -4  миллион теңгеге қымбаттап кетеді. Бұл алымдарды алып тастап, халыққа ммүкіндік беру керек.

Эдуард Эдоков, «Тәуелсіз автомобилистер одағы» қоғамдық ұйымының төрағасы:

– Дамыған елдерде утильсбордың бағасы шамамен 200 доллар, біздің ақшаға шаққанда 100 мың теңге көлемінде ғана. Ал бізде жүк көлігінің алымы 800 мың теңгеден 14 млн-ға дейін барады. Ал жеңіл көліктерде 3 млн. Бұл сұмдық. Миға қонымсыз баға. Жапония мен Еуропада мұндай баға жоқ.

2021 жылғы дерек бойынша Жапонияда утиль алымының құны 100 АҚШ долларынан- 200 Ақш долларына дейін барады. Ал Германияда шамамен 100 еуро болса, Ұлыбританияда 50 еуродан 80 еуроға дейін. Біздің ақшаға шаққанда 50-100 мың теңгенің айналасы. Ал Қазақстанда 4-5  млн-ға барады. 

Шетелден көлік әкелсеңіз, салықтың түрі де көп. Бұл неғылған көп салық? Қайдан шыққан бітпейтін салық. Жұрт осыған таң. Біріншісі – кедендік баж салығы. Екіншісі – бастапқы тіркеу. Оған да ақша алады.  Үшіншісі – «Еуро-5» стандартына сәйкестік сертификаты. Төртіншісі – утилизация алымы. Көлік иесінің сорын қайнататын да осы төртіншісі. Бұл ақшаны «Оператор РОП» деп аталатын жекеменшік компанияға санап бересіз. 

Нұраддин Садықов, кәсіпкер:

– Эра-Глонасс деген өмірі қолданылмайтын, Ресейдің спутниктік байланысын қолдануды міндеттейді. Бұдан ресейліктердің өзі бас тартып жатыр. Хабаровский аймағы түгел бас тартып жатыр. Ресейлік компанияның мүддесін лобби жасауда деп білеміз. Түкке қажеті жоқ. Біз Жапониядан көлік әкелетін болсақ, «Еуро-5» стандартына сәйкестігін мақұлдайтын, растайтын «Астана моторс» сол сәйкестік  сертификатын беру керек. Былай айтқанда «Астана моторс» пен «Сарыарқа» автопромның батасын алу керек.

Осылайша көліктің бағасы әлдеқайда өсіп шыға келеді. Қат дүние қымбаттаған сайын кейінгі 5-6 жылда елдегі автопарк әбден тозды. Өзіміздегі алым-салықтан бөлек, әлемде техника атаулының  бағасы да жыл сайын өсіп отыр. Бірақ көліктің құнына пар-пар салықтың көлемі азайтылса, техника атаулы әлдеқайда қолжетімді болар еді дейді сарапшылар. 

Нұраддин Садықов, кәсіпкер:

– Егер біздің ұсынып жатқан ұсыныстарымызды жүзеге асырса, 1-1,5 жылда көлік 2-есе арзандай бастайды.

Эдуард Эдоков, «Тәуелсіз автомобилистер одағы» қоғамдық ұйымының төрағасы:

– Егер утилизация алымы 100 мың теңге болса, онда барлық авто алымдар төмендетілуі мүмкін. Алым 100 мыңға дейін болса, онда жүргізушілерге үлкен қолдау болар еді. Өкініштісі көліктің құны әлемде жыл сайын 15 тен 30 процентке дейін өседі.

Әлемде көлік бағасы жылына 20 -30 процентке өскенмен біздегі салықтың қасында бұл шығын ештеңе емес дейді сарапшылар. Ендігі үміт Үкіметте. Президент утильдік алымды алып тастауды немесе оның бағасын қайта қарауға пәрмен берді. Әрі оны жекеменшік емес мемлекеттің қарауына беруді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті өз сөзінде «Кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда «Оператор РОП» компаниясының қызметі көптеген сұрақ туындатып отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Мен Үкіметке «Оператор РОП» утильдік алым жинауына тыйым салуын тапсырамын. Мұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралуы тиіс», – деген еді.

Нұраддин Садықов, кәсіпкер:

– Бұл өте дұрыс шешім. Өте қымбат. Қазіргі таңда 15 есе азайту керек.  Ауылшараушалығы коммерциялық көліктерге келген кезде 0 деген ставка қою керек. Бұл – экономиканың негізгі драйвері. Бұларды міндетті түрде утилизация мен алғашқы тіркеу алымынана алынып тасталыну керек.

Қол жетсе, мұхит асып Америкадан, Жапониядан көлік мініп келгісі келетіндер көп. Бұған дейін Қырғызстан, Ресей, Армениядан бар жиған-тергенін салып, темір тұлпарды тақымдап қайтқар да аз емес. Бірақ ол кезде Үкімет те, Мәжіліс те созбаққа салып, елді әуреге салғаны бар. Енді жаңа көлік мінсем деген адамның көкейінде бір үміт пайда болғаны анық. Ол үміт ақталатын күн де алыс емес тәрізді. Күтейік.   

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Арман Әмен