Көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырғандар қайтпек?

Талап ауылында 145 үйдің 11-і ғана газға қосылды. Себебі баспана құжаттарының дұрыс болмауы жұмысты баяулатқан. Қазір Қарағанды облысында газдандыру жобасының екінші кезеңі аяқталды. Енді жыл соңына дейін шамамен 4 мың үйге көгілдір отын жеткізу жоспарда тұр. 

Сыздық Борханов Талап ауылында ең бірінші болып газға қосылған. Төрт бөлмелі үйін жылытуға бір айда 300 текше метр көгілдір отын жұмсап, 14 мың теңге төлепті.

Сыздық Борханов, Талап ауылының тұрғыны:

– Көмірдің тоннасы 21 мың теңгеден. Оның үстіне отын кіреді. Сонда көмір газдан қымбаттау болып тұр. Қазір газ жақсы болып тұр. Бұрынғыдай алаңдамайсың. Бір жаққа барамын десең, уайымдамайсың, кете бересің. Газ жанып тұра береді, бірқалыпты температураны ұстап тұрады. Үй жылы.  

Ал Төлеубай Асанғазин әлі көмір жағады. Үйінің құжаттары дайын болмаған соң әзірге газ тарту мүмкін емес. Үйінің іргесіне келіп тұрған құбырды келесі қысқа дейін ішке кіргізсем дейді ақсақал.

Төлеубай Асанғазин, Талап ауылының тұрғыны:

– Менің құжаттарым дәл қазір дайын тұрған жоқ. Істейтін шамалы жұмыстары бар. Соны істеу керек, сосын газды үйге қосамын ба деген ниетім бар. Үйдің айналасындағы жерді жекешелендіру керек екен. Соны үлгермей қалдым.

Қазіргі күні Талап ауылында 145 үй болса, соның 11-іне ғана газ берілген. Баспана құжаты болмаған соң оларға техникалық шарт беру мүмкін болмай тұр. Ал онсыз көгілдір отын қосылмайды. Жергілікті әкім 78 үйдің құжаты дайын тұрғанын, қалғаны рәсімделіп жатқанын жеткізді.

Қайрат Бапанов, Талап ауылының әкімі:

– Жердің құжаттары, сосын мынау үйдің сызбаларын қайта сыздыру жұмыстарын атқару үшін қазіргі таңда әкімдіктің мамандары халықпен тығыз қатынаста жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл жерде біздің міндетіміз құқықтық нұсқамалар беріп, сол кісілермен керек кезде архивтік анықтамалар бар, соларды қаладан алуға бірге барып көмектесеміз.

Айта кетейік, қазір облысты газдандыру жобасының екінші кезеңі аяқталды. Жыл соңына дейін 4 мың үйге құбыр тарту жоспарда. Бүгінде облыстағы ортақ тариф әр текше метріне 40 теңге 94 тиын боп бекітілген. Абоненттер саны көбейсе, келешекте тағы арзандауы мүмкін дейді мамандар.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев