«Қасіретті қаңтар» деректі фильмі «Хабар» арнасынан сағат 20:30-да көрсетіледі

«Қасіретті қаңтар». Бүтін елді дүрсілкіндірген қырғын қалай басталды? Ел ішіне ойран салғандар кімдер? Елді ерден, ананы баладан айырған лаңкестердің көздегені не? «Хабар» Агенттігінің журналистері бейбіт күнде болған қаралы оқиға желісін тізбектеп, деректі фильм әзірледі. Онда бұзақылардың шабуылы мен құқық қорғаушыларды азаптаған бейнежазбалар, оқиға куәгерлерінің дәйекті сөздері көрініс тапқан. Ешқандай боямасыз болған оқиғаны қаз-қалпында білгіңіз келсе кешкі 20:30-да «Хабар» арнасынан көрсетілетін «Қасіретті қаңтар» деректі фильмін қараңыздар.

Бейбіт күнде көкте желбірейтін көкбайрақ төмен түсті. Елі үшін туған ерлер азапталып, ажал құшты. Бейкүнә бүлдіршіндер қаза тапты. Баласын жоғалтқан ана, әкесін аңсаған бала, жарынан айырылған қаншама жан енді сағынышпен күн кешеді. 200-ден астам адамның өмірін қиған қаңтар қасіреті күні кеше дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Егемендіктің 30 жыл тарихында болмаған қасіретке толы қайғылы оқиға «Хабар» Агенттігінің деректі фильмінде жан-жақты көрсетілген. Фильмнің таныстырылуы қаза болған жазықсыз жандарды 1 минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Фильмде оқиғаның толық хронологиясы көрініс тапқан. Алдымен бейбіт шеруге шыққан халықтың таза ниеті сөз болады. Сосын арандатушылардың арбауына іліккен жұрттың жанайқайы оқиға куәгерлерінің бейнежазбалары негізінде көрсетіледі.

- Арман провокатор, не слушайте.

Арандатушылардың арбауына түскендерді лаңкестер оқтан қорғайтын сауыт ретінде пайдаланған. Бас прокуратураның соңғы мәліметі бойынша қазір 2 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалды. Қамауға алынғандардың арасында "Йакын Инкар" радикалды топтың мүшелері бар. Олардан қару-жарақ пен діни жазба әдебиеттері тәркіленді. Тиісті дәлелдер деректі фильмде қамтылған. Жоба авторлары лаңкестердің іс-әрекеттері бір орталықтан үйлестіріліп отырғанын айғақтайды. Мәселен, мына бейнежазбадан қаскөйлердің Президент резиденциясын басып алмақ болғанын көруге болады. Бұл көрініс бұрын-соңды ешбір жерде жарияланбаған.

Қазыбек Майгелдинов саясаттанушы:

- Әлеуметтік желілерде біздің тұрғындардың арасында екіге бөліну пайда болды. Мысалы, бейбіт шеру кезінде 100 деген адамды қамады. Оларды шығару керек деген. Енді мына фильмді көрсеңіздер, ау, айналайындар, бейбіт шерудегі адамдар полиция машинасын өртемейді, бейбіт шерудегі адамдар қолына мылтық алып, адамға оқ атпайды. Бейбіт шерудегі адамдар жедел жәрдем машинасын тоқтатып тонамайды. Бұл жерде біз ажыратуымыз керек.

- Шешіндіріңдер, шешіндіріңдер!

Иә, деректі фильмде бұл жайттар да назардан тыс қалмады. Ел күзеткен жас сарбаздарды ұрып соққан көріністер жан түршіктіреді. Адам өмірін арашалайтын ақ халаттыларға жасалған шабуыл қасқөйлердің аяусыз іс-әрекетін айғақтайды. Бұған фильмді көрген сарапшылар да көз жеткізді.

Никита Шаталов, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы:

- Бұл фильм бізге ресми нұсқаға сүйенуге мүмкіндік береді. Шын мәнінде оқиға қалай болғанын түсінеміз. Және де Алматыда және өзге де өңірлерде болған оқиға кезінде бізге көрсетілген ақпаратты растайды.

Жыл басындағы қайғылы оқиғаларды зерттеп, оған баға беру әлі ерте. Бірақ қазірдің өзінде мәселенің мән-жайын "Хабар" Агенттігі дайындаған деректі фильмнен білуге болады. Еңдеше 20:30-да "Хабар" арнасы қосулы болсын!