Алматы тұрғындары арзан етке зәру

Күніне 100 тонна ет жейтін алматылықтарға 3 тонна ет жұғын болмай тұр. Алып шаһарда келісі 2050 теңге тұратын әлеуметтік ет тұтынушылардың бәріне бірдей жете бермейді, деп хабарлайды Хабар 24.

Дәл осы әлеуметтік өнімді сататын дүкендер аз емес екен. Дегенмен таңнан тұрып келген тұтынушының бәрін қамтуға мүмкіндік бола бермейді. Оның үстіне әлеуметтік ет күнде сатылып жатқан жоқ. Сүбелі болмаса да, сорпа қайнатуға жарайтын әлеуметтік етке сұраныс көп. Сатушылардың айтуынша, қолжетімді ет түске дейін бітіп қалады. Қаладағы 73 супермаркет, одан бөлек 5 фирмалық ет дүкені және базарларда ашылған 5 әлеуметтік сауда нүктесіне күніне 3 тонна ет жеткізіледі. Әлеуметтік ет ретінде 2050 теңгеге тек төс бөлігі мен қабырға ғана сатылады. Оның еркін нарықтағы бағасы 2300-2400 теңгенің айналасы. «Бағаның төмендегені жақсы-ақ. Алайда арзан еттің көлемі аз», – дейді тұрғындар.

Елена Карчевская, қала тұрғыны:

Арзан ет сататын орын өте кішкентай, мынадай үлкен базар үшін бұл өте аз. Шынын айту керек, қалтасы таяз зейнеткерлер үшін бұл баға да қымбат. Оның үстіне әлеуметтік ет бөлімі күнде жұмыс істемейді. Әрі ет түріне таңдау аз.

Әлия Алмабекова, сатушы:

– Әлеуметтік ол айына бір рет шығады, екі күн шығады. Бүгін бір күн шығып еді осы жаңа жылдан бері бәрі телевидение осы жерге жүгіріп келді.

 Ал базардағы тұрақты сатушылар көтерме саудагерлер мен фермелердің берген бағасына тәуелді. Салықтан бөлек, коммуналдық шығынды да қалтамыздан төлейміз, – дейді олар. Бағаның аспандауына әсер еткен мәселелер шешілсе, олар да ет құнын төмендетуге бейіл.

Гүлбарам Разиева, сатушы:

– Бәрі қымбат қазір шөп, бензин солярка бәрі қымбат. Содан келіп жатқан мына бағалар. Әйтпесе бәрінде конкуренция бар, түсірер еді ғой бағасын. Олар шөпті бір жерден текке алып жатыр ма? Мен түсінбеймін олар қалай арзан береді? Мына жерде қысып, біздің бағаны түсіргенмен ол өзгермейді ештеңке, түбі бар ғой ол неден басталған бағаның қымбатшылығын білу керек.

Әлеуметтік ет сататындардың есебі түгел. Олар ешнәрседен ұтылмайды. Себебі баға айырмашылығы әкімдік тарапынан жанама түрде өтеледі. Әлеуметтік ет жобасын жүзеге асыру үшін қала бюджетінен 194 миллион теңге кәсіпкерлерге айналымдық қаражатын толықтыру үшін бөлінген.

Ерлан Омаров, қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:

– Төс етін 2050 теңгеден сату үшін кәсіпкерлерге біздің әлеуметтік орындарда орналасқан біраз жағдайлар істелінеді. Біріншіден, осы орналасқан базарлардан орын тегін беріледі. Ешқандай төлеусіз. Және де кредиттар зайемдар беріледі. Ешқандай пайызсыз.

Жергілікті билік, әлеуметтік ет жеткілікті болу үшін алдағы уақытта базарларда тағы 5 сауда нүктесін ашуды жоспарлап отыр. Ет көлемі де 5 тоннаға дейін артады. Ал алматылықтардың етке деген бір күндік сұранысы 100 тонна екенін ескерсек, бұл да теңізге тамған тамшыдай екені анық.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев