Ақтөбеде жұмысшы мамандығына сұраныс артып отыр

Ақтөбе мен Хромтау қалаларында ірі өндіріс орындары бар өңірдегі алпауыт компания дәл қазір 400 адамды жұмысқа қабылдауға дайын, деп хабарлайды Хабар 24.

Мұндай қажеттілік өнеркәсіпте жаңа жобаларды іске қосуынан туындаған. Алайда кез келген тұрғын емес, кен өндіруге қажетті нағаз мамандар керек. Атап айтқанда, шахтерлар, балқытушылар, арнайы көлік пен құрылғы жүргізушілерін іздеуде.

Софья Левитина, компания өкілі:

– Біз қазір өзімізге қажетті жұмысшыларды екі бірдей қаладан іздеп жатыр. Университет, колледждермен де байланысымыз тығыз. Біз өз тарапымыздан, ұсынар әлеуметтік көмегіміз, медициналық қызметіміз бар. Егер бізге келген маман ең қажетті және білікті болса, тұрғын үй мәселесіне қолдау көрсету мүмкіндігін де қарастыруға болады.

Жұмысшы мамандығы бар азаматтарға жыл өткен сайын сұраныс артып келеді. Қазірдің өзіңде өңірдің еңбек нарығында екі жарым мың бос орын болса, соның 60 проценті тау-кен, өндіріс, құрылыс және тағы басқа түрлі өнім шығаратын ірілі-ұсақты цехтардың үлесіне тиеді. Ал сұранысты ұсыныспен қамту үнемі ойлағандай бола бермейтін көрінеді. Көбіне бос орынға жіберген жұмысшының мамандығы талапқа сай келмесе, енді бірде үміткердің жеке басына қатысты мәселелер де кедергі болады екен. Дегенмен есепте тұрған жұмыссыздар мен кәсіптік білім беру ұйымдарының көмегімен шешу тұрақты жолға қойылған.

Асланбек Шүйіншалиев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Негізінен шағын және орта бизнес субъектілеріне жұмысшы күші қажет. Жанар-жағармай құю стансалары, брусчатка басқа да бір бірдеңе шығаратын шағын цехтар, өндіріспен айналысатын кәсіпорындар, электриктер, электрдәнекерлеушілер. Жыл сайын жалпы үш мыңдай осындай вакансияларды шығарамыз. Адамдарды жібереміз. Тек қана мамандығы бар, білімі бар азаматты тартпай былай да, барлық азаматтармен осы нарыққа қандай мамандық қажет, қандай бос орын бар халыққа сол бос орынды жеткізу мақсатында хабарлаймыз.

Кәсіптік-техникалық бағыттан өзге гуманитарлық білімі бар мамандарды жұмыспен қамту күн тәртібінен түспек емес. Енді мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оқу орнын тәмамдаған жастарға мейлінше көңіл бөлінбек. Соның ішінде, «жастар тәжірибесі», «алғашқы жұмыс орны» секілді жобалардың мерзімі ұзартылды. Ал қатысушы жас мамандар ай сайын 92 мың теңге көлемінде жалақы алатын болды. Еңбек нарығындағы сұранысты қамтуға оң ықпал ететін жоба игілігін былтыр ақтөбелік оқу орындарының мыңдаған түлектері көрген.

Гүлім Қайырмұхамбетова, мұғалім:

– Мүмкін бұл жоба болмағанда мен әлі күнге дейін жұмыссыздар санындағы адамдардың қатарында жүрер ме едім деп ойлаймын. Себебі, маған ең тиімді болған жағы осы «Еңбек» жобасы аясында барған кезде маған осы алғашқы жұмыс орны жобасын ұсынды. Мен өзіме пайдалы жақтарын қарап, өзімнің Ақтөбе қаласында қалуды шештім.

Қазір өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,2%, ал жастар арасындағы көрсеткіш 2,7 процентті құрайды. Мәселені жою үшін жәрмеңкелер өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ биыл іске асатын түрлі жобалардың да оң ықпалы болады деген сенім бар.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев