Павлодардағы зағиптар қоғамы көмекке зәру

Сонау 1942 жылы негізі қаланған Павлодардағы Қазақ зағиптар қоғамының оқу-өндірістік комбинаты жабылудың аз-ақ алдында тұр. Бір кездері алпауыт өндіріс ошақтарына  арнап  түрлі бұйым жасаған мекеме қазір тек Алюминий зауытының цехтарына қажет сүзгі шығарады. Заманауи технологияларды енгізсе де, зауытқа түсетін тапсырыс көлемі көбеймей тұр. Ал тігін цехтарында жасалатын басқа өнімдерге сұраныс жоқтың қасы.

Оқу-өндірістік комбинаты ұзақ жылдар бойы бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектерді тұрақты жұмыспен  қамтып  келді. Тапқан табыстың  бір бөлігі  кәсіпорынды дамытуға жұмсалады. Жаңа технологиялар алға озған заман келді.  Қоғам өкілдері өздері дайындайтын сүзгілер де қажетсіз болып қала ма деп қорқады.

Ораз Байғожин, зағиптар қоғамының бас инженері:

– Үкіметтің экологиялық бағдарламасына сай жаңа технологияларды енгізу үрдісі жүріп жатыр.  Алюминий зауыты жылдан жылға жоспарды азайту үстінде. Себебі жаңа сүзгілеу жүйесін енгізу керек. Түбінде біз жұмыссыз қаламыз. Сондықтан  түскен кірістің бәрін өндірісті дамытуға жұмсауға мәжбүрміз. Өзіміздің жеке өнеркәсібімізді дамытуымыз керек деп ойлаймын.

Жеке өндірісті дамытуға алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Жаңа тігін машиналары,  текстильді принтер  алынған. Бәсекелестік ортаға төтеп бере алатын бұйымдар  шығаруға ниет бар. Тек дайын өнімді өткізуде қолдау болмай тұр. Көзі нашар көретін жандар мұнда өмір бойы жұмыс істейді. Бақыт Қаймолдинованың жасы 70 –те, еңбек өтілі  50 жыл. Зейнетке шыққанына он жыл болса да, еңбектен қол үзбепті.

Бақыт Қаймолдинова, тігін өндірісінің жұмысшысы:

– Мына ақырғы кезде тігін цехында кішкене жұмыс болмай қалды. Сол себепті болмаса,  коллектив өте жақсы. Кішкене біздің ұйымға жұмыс беріп отырса бұлар жақсы тігеді. Бізде мысалы технологтар бар, жақсы тігетін тігіншілер бар, өте жақсы.

Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отырған жалғыз мекеме. Бүгінгі таңда оқу-өндірістік комбинатында 70-тен аса адам еңбек етеді.  Ұзақ жылдар жөндеу көрмеген ғимараттары да тозып кеткен. Ал жұмыс тоқтаған емес.

Лидия Яковлева, тігін өндірісінің аға шебері:

– Бір реттік тапсырыстар біз үшін өте аз. Мүгедектер өте көп. Олардың жақсы жұмыс істеп, табыс тапқанын қалаймын. Бірақ қиындықтар бар. Төсек жабдықтарына сұраныс көп түсе бермейді. Қазір трикотаж бұйымдар желісін қолға алып жатырмыз.

Тығырықтан шығарар жол бар. Ол  тұрақты клиент табу. Оқу-өндірістік комбинатының қызметкерлері қайткен күнде де кәсіпорынды сақтап қалуға бел буған. Өнім түрлерін көбейтіп, тапсырыс бойынша бұйымдар тіге бастапты. Шағын дүкен де ашып қойған.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат