Шығыс Қазақстанда 108 елді мекенді су басу қаупі бар

Күн күрт жылынса, шығыстағы 108 елді мекенді су басуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты аудандарда тау өзендерінің бойына бөгеттер салынып жатыр. Арықтар да тазаланып, қажетті материалдар дайындалды. Өскеменнің өз басында да бірнеше қауіпті аумақ бар. Әсіресе солтүстік батыс жақтағы саяжайлар. Бұдан 3 жыл бұрын 150-ге жуық үй су астында қалған. Қазір Согра кентінде Маховка өзенінің бір бөлігі аршылып, жағасы  көтерілген. Жалпы облыс тасқынға қарсы шараларға 2 миллиард теңге қарастырып отыр.

Алексей Штыкель, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

– Жергілікті атқарушы органдар материалдық резервтерді ұлғайту бойынша жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін 85 мыңнан астам қап дайындалды. 6 мың тоннадан астам инертті материалдар дайын тұр. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады. Біз департамент тарапынан қадағалауды күшейтеміз.

Қаныш Мұқажанов, Өскемен қаласы әкімдігінің инспекторы:

– Саяжайлар сіздерге белгілі, қазір тұрғын үйлерге айналып кетті. Қысы-жазы тұрады. Сондықтан біз қазір, міне, саяжайдың маңайында 300 метрдей жағаны бекітеміз. Және Согра кентінде 1 шақырымдай жағаны бекітеміз. Сол жұмыстарды наурыздың 15-не дейін бітірсек, қаладағы көп мәселе шешіліп, көктемгі су тасқынына дайын боламыз.