Елордалық велошабандоз жаңа рекорд орнатпақшы

Елордада ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған велошеру өтіп жатыр.

Осыған орай, әуесқой велошабандоз Ернат Мелсұлы бас шаһардағы Триатлон саябағында 150 шақырым қашықтықты айналып өтуде. Бұл игі бастама Алаш ардақтысының өмір жолы мен ұлағатты ұстанымын насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бүгін жолға шыққан әуесқой спортшы жаңа рекорд орнатуға ниетті.

Ернат Мелсұлы бұл велосипедті осыдан 7 жыл бұрын елордадағы базарлардың бірінен 48 мың теңгеге сатып алған. Серік еткен көлігі кәсіби спортқа жарамсыз. Әсіресе, қыста жүруге және жарысқа арналмаған. Бірақ қос дөңгелекпен ондаған мың шақырымды еңсеріпті. Кейіпкеріміз бүгінгі сарышұнақ аязға қарамастан тәуекелге бел буып, соло түріндегі велошеру арқылы жаңа рекорд орнатпақшы. Шамамен 10-12 сағат ішінде Триатлон саябағын велосипедпен 50 мәрте айналып өтуді мақсат етіп отыр.

Ернат Мелсұлы, әуесқой спортшы:

– Менде екі үзіліс болады. Ол үзіліс ақпарат құралдары үшін, тамақтану үшін беріледі. Өзім тұрғылықты тіркелген Сити медициналық орталық арнайы бригада бөлген. Сол кісілер келіп денсаулығымды тексеріп тұрады. Індет жағдайы бар. Қыста жүру оңай емес. Аяз бар деген сияқты. Сондықтан жалғыз өткізуге бел будым.

Қазақстан рекордтар кітабының елордадағы ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов бүгін жаңа рекорд орнайтынына кәміл сенеді. Өйткені Ернаттың қысы-жазы мінетін көлігі велосипед, – дейді маман.

Қуандық Құдайбергенов, Қазақстан рекордтар кітабының қаладағы ресми өкілі:

– Жай адам мұндай велошабандоз бола алмайды. Ернаттың барлық жігер-күші бүгін рекорд орнатуға жеткілікті сияқты. Қазақстан рекордтар кітабы міндетті түрде мұндай рекордты тіркеуге дайын. Сондықтан кешке қарай не болатынын көреміз.

Ернат велошеру ұйымдастыруды осыдан 4 жыл бұрын бастады. Мәселен, 2018 жылы елордадан шығып, туған жері Қарағанды облысы Ақтоғай ауданына дейін 500 шақырым жол жүріп өтті. Соңғы 3 жыл ішінде Қазақстанның бірқатар өңірін аралап, велошеру аясында тағы 3 мыңға жуық шақырым қашықтықты еңсерді.

Қырықта қамал алғысы бар Ернаттың ендігі жоспары ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері орналасқан Париж қаласына велосипедпен бару. Ал бүгін рекорд орнай ма, жоқ па, оны кешке білеміз.

Мирлан Алтынбек, Ерзат Заитхан