Қаңтар қасіреті: жеті бала оққа ұшып жарақаттанған 

Қаңтар оқиғасы кезінде жеті бала оққа ұшып, жарақаттанған. Тағы екі бала мерт болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин мәлімдеді. Оның айтуынша, төтенше жағдай кезеңінде медициналық ұйымдарға зардап шеккен 2740 адам көмек алуға жүгінді. Олардың 1843-і амбулаторлық көмек алған. Қалған 897-і ауруханаға жатқызылды. Соның ішінде 188 адам реанимациялық бөлімшеде болды. Бүгінде 891 пациент жазылып шықты. Өкінішке қарай, 177 адам медициналық ұйымдарда көз жұмды. Сондай-ақ қазір 6 адам Алматы мен Қызылорда  стационарларында ем алып жатыр. Олардың бірінің жағдайы ауыр. Себебі оқ тиген.

Бауыржан Байсеркин, ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:

– Еліміздің үш өңірінде кәмелетке толмаған балалар зардап шекті. Алматыда 2 бала оқ тиіп қаза тапты. 7 бала түрлі оқ жарақатымен аурухана түсті. Олардың 4-еуі – Алматыда, екеуі – Алматы облысында және біреуі – Жамбыл облысында. Сонымен қатар Алматы облысында бір жүкті әйел шашылған газдан зардап шеккен.