Елордада апатты жағдайда тұрған ескі үйлерден 300-ден аса отбасы көшіріледі

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында апатты үйлердегі отбасыларды көшіру мәселесі жайлы айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Апта сайын азаматтарды қабылдап тұрамыз. Тағы 12 отбасын қабылдадым, ал жыл басынан бері – 60 отбасы (2021 жылы – 1,5 мың тұрғын). Кездесу барысында әлеуметтік бағыттарға қатысты негізгі проблемалар да, сол сияқты шешімін талап ететін нақты мәселелер де көтеріледі: жұмысқа орналастыру, жобаларды іске асыру бойынша көмек көрсету және т.б.

Бүгін азаматтарды қабылдау барысында апатты жағдайда тұрған үйлерді бұзу мәселесі көтерілді. Осыған қатысты қысқаша тоқталып өтейін. Мәселен, бүгінге дейін біз Ы.Дүкенұлы, 21, Уголная, 12а (қазір Әл-Фараби, 27) және т.б. мекенжайларында орналасқан апатты үйлерге барып, жағдайды көрдік. Бұл үйлердің тозығы жеткен, сумен, электрмен жабдықтауда проблемалары бар, шатырынан су ағып тұр және т.б.

Биыл апатты жағдайда тұрған үйлерден 300-ден астам отбасын көшіруді жоспарлап отырмыз.
Соңғы үш жылда тозығы жеткен үйлерден 700-ге жуық отбасын көшірдік.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін ТК-лерді (тұрғын үй кешені) жөндеу, лифтілерді ауыстыру, жеңілдікпен берілетін әлеуметтік тұрғын үй салу, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау бойынша жұмыс жүріп жатыр», - деп жазды елорда әкімі.