Қазақстанда дефолт пен азық-түлік тапшылығы болатыны туралы ақпарат – фейк

WhatsApp-та Қазақстанда дефолт және азық-түлік тапшылығы болатыны туралы ақпарат таратылуда. Автор адамдарды тез арада жылжымайтын мүлік сатып алуға, қолда бар ақшаны валютаға айырбастауға, сондай-ақ тез бұзылмайтын өнімдерді сатып алып, қор жасап алуға шақырады.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік тапшылығы болатыны туралы қауесетті жоққа шығарды, деп жазады stopfake.kz.

– Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының үздіксіз жұмысы мәселесі тұрақты бақыланады. Жедел деректер бойынша, республика бойынша барлығы 1,5 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) қоры бар, оның ішінде ұн – 145,1 мың тонна, қант – 47,6 мың тонна, күріш – 40,2 мың тонна, макарон – 21,3 мың тонна және 1 млн тонна көкөніс өнімдері және т.б., – деп хабарлады ведомстводан.

Сондай-ақ, министрліктің хабарлауынша, елдегі азық-түлік қоры үнемі толықтырылып отырады. Ұн өндіру үшін жарма мен астық жеткілікті, ал мал басы ет өнімдерін өндіруге жеткілікті.

– Республика өз өндірісі есебінен ішкі астық нарығындағы қажеттілікті толық көлемде қамтамасыз ете алады, – деп хабарлады АШМ.

Ведомство өкілдері Қазақстанда АӨК дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспары іске асырылып жатқанын еске салды, оның аясында импортты алмастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Қазіргі уақытта Қазақстанда дефолтқа алғышарттар жоқ. Standard&Poor’s халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB-/А-3» деңгейінде растады, болжам «Тұрақты». Агенттіктің деректеріне сәйкес, Ресейге қатысты экономикалық санкциялардың қайталама салдарын еңсеруге болады және Қазақстанда бұл мұнай мен газ экспортының негізгі нарықтарына қол жеткізуде іркілістерге әкелмейді.