Әйелдер ипотекасы. «Ұмай» бағдарламасына қайта өтініш қабылдана бастады

Бүгін «Отбасы банкінде» әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасына қайтадан өтініш қабылдана бастады.

Қаржылық ұйым жобаны жетілдірген. Енді баспанаға инвестиция құйғысы келетін қыз-келіншектердің отбасылық табысы бұрынғыдай 320 мың теңге емес, 640 мың теңгеден аспауы тиіс. Салымшының қолында тұрғын үй құнының 15-20 проценті болса, қалғанын банк арқылы рәсімдеуге болады. Азиялық даму банкінің «Отбасы банкіне» берген несиелендіру бағдарламасы былтыр қолға алынды. Жиыны 38 млрд теңге көлемінде бюджет қарастырылған. Бүгінге дейін бөлінген 8,5 млрд теңгеге 954 әйел баспаналы болды.

Марина Орынбаева, «Отбасы банк» АҚ Бизнесті дамыту басқармасының басшысы:

- Бұл бағдарлама сұраныс тапқаннан кейін 2022 жылы бөлініп отырған бюджеттің көлемі 14 млрд құрап отыр. Екінші транш бөлінген кезде бағдарламаның жаңа шарттары бойынша отбасылық табысы әйел азаматтың 640 мың теңгеден аспаса, бағдарламаға қатыса алады.