Алматы облысындағы заңсыз тұрғын үй кешені құрылысының тағдырын сот шешеді

Бесағаш ауылындағы тұрғын үй кешенінің құрылысы жалғаса ма, әлде мүлде тоқтай ма – оны сот шешеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов мәлімдеді. Алматы облысына қарасты елді мекен мегаполистің дәл іргесінде орналасқан. Бір жыл бұрын бұл жерде «Хаят Апартаментс» тұрғын үй кешінінің құрылысы басталған еді. Құрылыстың іргетасы қалана бастағаннан жергілікті тұрғындар наразылық білдірген. Оған негіз де жоқ емес. Елді мекенде биік тұрғын үй құрылысын салу қауіпті екенін жергілікті тұрғындар бір жылдан бері айтып, аттамаған табалдырықтары қалмапты. Бұл жерде көпшілігі шағын жеке үйлер. Себебі су қабаты жердің бетіне жақын орналасқан, яғни топырағы ылғалды. «Сондықтан 3 қабаттан артық үй тұрғызу бұл жерде қауіпті. Жер сілкінісі болса бірден құлайды», – дейді мамандар. Олай болса, 9 қабатты бірнеше тұрғын үйдің қалайша салынып жатқаны туралы тұрғындар еш жерден тұщымды жауап ала алмаған. 

Әзілхан Досқұлов, Бесағаш ауылының тұрғыны:

– 2021 жылы наурыз айынан бастап олар үйді көтеріп жатыр. Қазір міне Талғар ауданы әкімі ГАСК адамдары областной осында келіп көріп отыр, өйткені олардың құжаттары толық емес. Толық болмаған соң олар бастамау керек еді.

Наразы тұрғындар әкімдік алдына жиналып, құрылысқа тексеру жүргізуді талап етеді. Содан кейін ғана билік өкілдері құрылысқа қатысты жауапты мамандарды жинап, тұрғындармен кездесу өткізуге шешім қабылдайды. Нәтижесінде құрылыстың заңсыз салынып жатқаны анықталды.

Әсел Есентүгелова, құқық қорғаушы:

– Жер телімінің пайдалану мақсатын өзгерткені анықталды. Ол үшін қоғамдық тыңдау жүргізілмеген. Пайдалану мақсатын өзгерткен жағдайда бас жоспарға түзетулер енгізілуі тиіс. Бұл жерде ол жасалмаған. Анығын айтқанда, рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жұмыстарын бастаған.

Бұл заңсыздықтың бер жағы ғана. Мемлекетке тиесілі ауқымды жер учаскесі жеке компанияның қарамағына өтіп кеткен. Ол жердегі талдар да кесілген. Жер учаскесі республикалық маңызы бар автокөлік жолына жақын орналасқан.

Данияр Абдыбеков, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы:

– Заказчик құрылысқа ақша салып жатқан, қолында қағаз болса, жердің қағазы, олар айтады штрафын төлейміз де, құрылысты жүргізе береміз дейді. Құрылыспен олар бұрын айналысқан, біледі. Бірақ біз заң талаптарына қарап, оның бәрін тоқтатуға тырысамыз. Бүгінгі күні тоқтаттық, қазір жұмысшылары сол жерде отыр. Соттан шешім шыққаннан кейін қандай құжаттары бар, қандай құжаттары жоқ, қайсысы дұрыс берілген? Сотта бәрін анықтап, бір-ақ шешім аламыз.

6 сәуірден бастап құрылысқа жауапты мамандар мен тұрғындардан тұратын жұмыс тобы іске кіріседі. Төртінші қабатқа дейін салынған тұрғын үй кешені  құрылысының тағдырын енді сот шешеді. Қарапайым халық жер телімі бөлінсе де әлі күнге мектеп салынбаған елді мекен заңсыз құрылыстың ордасына айнала ма деп алаңдауда.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Нұрдаулет Жақсыбаев