Спорт алаңдарын жаңарту кезінде балалардың пікірі ескеріледі – Алматы

Балалардың біразы воркаут аймақтардың болғанын қаласа, кейбірі шахмат тақталарын далаға қойып беруді сұраған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – қаладағы бұқаралық спортты дамытуға, оқушыларды салауатты өмір салтына баулуға арналған қадамдардың бірі.

Мынау Алатау ауданында орналасқан №182 мектеп стадионының жөндеуге дейінгі көрінісі. Оқушылардың айтуынша, алаңда жаттығу құралдары болмаған, шаңы шығып тұрады екен. Ал қазір футбол, баскетбол, волейбол алаңдары жаңартылған. Балалардың тілегі бойынша воркаут аймақ та жасалыпты. Сондай-ақ үстел теннисі де бар. Бұл жұмысқа бюджеттен 46 миллион теңге жұмсалған.  

Нұрсұлтан Нұралбеков, 182-мектеп оқушысы:

– Жаңбыр кезінде далаға шығып ойнаймыз ғой жазда, сол кезде аяғымыздың барлығы батпақ, жаман болатын. Боран көтерілген кезде бұл жақтың бәрі шаң болады да, көзге шаң кірген.

Әбілмансұр Сағындық, 182-мектеп оқушысы:

Біздің арманымыз орындалды. Бізге футбол алаңын қойды, анда-санда волейбол, баскетбол немесе футбол ойнап жүреміз.

Ал №143 мектеп-лицейдің оқушылары интеллектуалды спорт түріне де ерекше мән береді екен. Сондықтан құрылысшылардан шахмат алаңын салып беруді өтініпті. «Таза ауа, жанға дауа» демекші күн жылынғалы далада шахматтан жарыс өткізіп тұрады. Жалпы қала бойынша былтыр 34 мектептің спорт алаңы жаңартылған. Ол үшін жергілікті бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. 

Елнар Назаров, қалалық білім басқармасы дене шынықтыру, оқу-тәжірибелік спорт орталығының директоры:

– Біріншіден, біз волейбол, баскетбол, футбол алаңдарын қамтимыз. Екіншіден, оқушылардың сұранысы бойынша. Оған мектептің оқушылар санына байланысты көптеген қаражат бөлініп жатыр. 15 миллионнан бастап, 55 миллионға дейін бөлінді.

Биыл тағы 39 мектептің спорт алаңы жаңартылады. Заманауи жөндеуден соң әр мектепте оқушылар үшін тегін спорттық үйірмелер ашуға мүмкіндік туып отыр. «Балалардың талап-тілегін ескеру олардың жауапкершілігінде арттырады», – дейді мамандар.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев