Түрік академиясына бір миллион доллар жұмсалады

Бүгін Сенат депутаттары Түрік академиясын елде орналастыру шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы құжат бойынша халықаралық ұйымның ел аумағындағы жұмысы реттеледі. Яғни академия қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінде аккредитациядан өтуі тиіс. Сондай-ақ Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің туын ұйым ғимаратында орналастыру жайы қарастырылған. Қазіргі таңда Түркі академиясына Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия елдері мүше. Ал, Мажарстан бақылаушы ел мәртебесіне ие. Білім және ғылым министрінің айтуынша, халықаралық ұйымға жұмсалатын шығын да осы мемлекеттер тарапынан қаржыландырылады.

Асхат Аймағамбетов  ҚР білім және ғылым министрі:

– Мәселен түрік дүиесін біріктіретін бірнеше ұйымның орталығы Түркияда орналасқан. Ол ұйымдардың жалпы шығынының 46 процентін сол мемлекет яғни Түркия өтейді. Бізде де солай. Түрік Академиясының орталығы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқандықтан бюджетінің 46 процентін біз өтейміз. Биыл оның жалпы сомасы 1 миллион доллар шамасында. Академияның атқаратын жұмысына қарай бұл сома өзгеріп отырады.

Мәулен Әшімбаев  ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Халықаралық түрік академиясы түркітілдес мемлекеттер арасындағы ғылыми гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту жолында үлкен роль атқарып келеді. сондай-ақ бұл ұйым бауырлас халықтардың тарихи-мәдени мұраларын зерделеу бағытында нәтижелі жұмыс істеуде. Академияның ұйытқы болуымен жыл сайын  көптеген маңызды еңбектер жарық көруде. Сол себепті академияның қызметін қолдаудың маңызы зор. Осы ретте бұл заң түркі академиясына Түркі әлеміне қатысты зерттеулерді үйлестіретін халықаралық бірегей орталыққа айналуына және көздеген міндеттеріне қол жеткізу үшін  қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді деп сенім білдіреміз.