Павлодарда апатты үй өртеніп, бес отбасы далада қалды

Павлодар қаласындағы апатты үй өртеніп, бес отбасы далада қалды.

Алапат өрт салдарынан екі қабатты баспана түгелімен жанып кете жаздады. Қираған үй тұруға жарамсыз. Тілсіз жау 120 шаршы метрлік аумақты шарпыды. Пәтер ішінен үш газ баллоны сыртқа шығарылды. Қазір оқиғаның себебі анықталып жатыр.

Бұл Сарыарқа шағын ауданындағы апатты жағдайдағы үй. Жергілікті билік баспаналарды кезең-кезеңмен сүріп, тұрғындарды жаңа үйлерге қоныстандырып келеді. Өрттен зардап шеккен жанұялар мемлекет тарапынан жалға алынған пәтерлерге көшіріледі. Жалпы бүгінде бұл шағын аудандағы 300-ге жуық отбасы жаңа қоныстарын күтіп отыр.

Алена Гладких, қала тұрғыны:

- Түтін иісін сезіндік. Бір кезде көршіміз келіп, бәрімізді далаға шығарды. Әзер үлгірдік. Құжаттарымызды ғана алуға үлгірдік. Біз кезекте тұрған азаматтармыз. Не жалдамалы пәтер жоқ. Күткенімізге көп болды. 

Салтанат Әкімбекова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Өрттен зардап шеккендер арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оларды жалдамалы пәтерлерге көшіреміз. Жалға алуға арналған қаражат мемлекет тарапынан бөлінеді. Тұрғындар тек коммуналдық қызмет құнын өтеу керек. Қазіргі уақытта тиісті құжаттар рәсімделуде.