Алматының сәулеті қадағаланады

Қазақстан сәулетшілер одағы сапасыз құрылыстарға бақылау жасап, ғимараттың бастапқы архитектуралық жобасының сақталуын қадағалайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл үшін мамандар арнайы заң жобасын әзірлейтін болады. Ұзақ уақыт үзілістен соң бүгін алғашқы пленумын өткізген одақ мүшелері алдағы жоспарларын пысықтады. Жүйесіз құрылыс, қаланың бас жоспарына сәйкес келмейтін ғимараттар Алматының бас ауруына айналғалы қашан. Әсіресе, айналасында әлеуметтік нысандары жоқ, алақандай жерге бой көтерген тұрғын үй кешендері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейді. «Сапа мен қауіпсіздік ескерілмеген бұл құрылыстарда сәулетшілердің қолтаңбасы жоқ», – дейді мамандар.

Орысбай Баймұрзаев, сәулетші:

Пальметный сад деген болатын-ды. Оны талай жылдар бойы сақтап, өте бір көркем жер болытын-ды. Ал сол жерде қазір не тұрып жатыр, жаңағы кілең сауда орындары автобазарлар, трамплиннің төменгі жағын қараңызшы, барып ішін аралап, бұрынғы гүлдеп тұрған жердің бәрі әбден тығыстырып салып-салып, құрылыс жасап, бір көрікті ешнәрсе қалған жоқ. Оны кім жобалады, оны кім салды оған кім рұқсат берді?

Сәулетшілердің айтуынша, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан Алматыда биік ғимараттар салу ақылға сыймайды. Пайда табуды ғана көздеген құрылыс компаниялары құрылысты жобалауда сәулетшінің есебін ескермейді. Алайда сапаны бақылайтын уақыт жетті. 

Серік Сұлтанғалиұлы, Қазақстан сәулетшілер одағының президенті:

– Анадай үлкен үйлерді салуға болмайды. Оны салғанда оны қандай заключениемен алынды, кім жасады ол жобаны, оның барлығын архитекторлар қараған жоқ осы 20 жыл бойында. Жаңа заң қандай болу керек архитектура жөнінде? Сәулетшілер одағымен келісім бойынша жобалардың барлығы талқылануы керек. Екіншіден, қауіпсіздік жағын Қазақстанның архитекторлар одағы оған да қатысуы керек.

Бұдан былай одақ жағдайға мониторинг жасап, заң бұзушылықтар жайында тиісті органдарға хабарлап тұрады. Алғашқы пленумда одақ құрамына бірқатар жас сәулетшілер қабылданды. Екі буын сапа мен заманауи сәулеттік шешімдерге негізделген жобаларды жүзеге асырмақ ниетте.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон