БҚО-да құлаған электр бағанасына мал сүйкеніп өліп жатыр

Электр желілерінің тозығы жетіп, жарық болмай қалғаны былай тұрсын бала-шағаға қауіп болып барады. Бағана құлап, үзілген сымға мал сүйкеніп өліп жатыр.

Биылдың өзінде Батыс Қазақстан облысындағы екі ауылда біраз ірі қара токқа түсіп қалды. Ал электр компаниясы өтемақы төлеуге асықпайды. Сот та созылып кеткен. 

– Мына столбалар менімен жастас былай қарағанда.

- Сіздің жасыңыз нешеде?

– Қазір 82-де менің жасым.

Сабырғазы ақсақалдың бұл сөзінен ауылдағы электр желілерінің жағдайын аңғаруға болады. Пятимар елді мекенінде дала түгілі ауылдың ішінде де бағаналар жиі құлайды. Малдан бұрын адам өміріне қауіпті.

Сабырғазы Нұрқатов, Пятимар ауылының тұрғыны:

- Бұл столбаларды неге осы күнге дейін жаңадан салмайды? Мынау деген масқара ғой. Ауылда деген кеше мына Теміреш ініміздің үйінен столб құлап, қайта газдың теміріне барып тіреліп қалды. Ал енді қора деген жақын тұр, ал өртенеді. Былтыр ауылдың ішінен 7 столб құлап, әйтеуір тұрғызды. Оқушы балаларымыз кетіп бара жатады сабаққа. Я болмаса детсадта балалар шұбырып жүреді. Солардың үстіне құлайды ертең, не болады? Былтыр мына Бесобаның бергі жағында құлап столб, қанша жеріміз өртенді. Беспайда (да) құлады столб.

Теміреш Макаров, Пятимар ауылының тұрғыны:

- Былтыр 15-20 шақырымдай Пятимардан шыққасын мына Қызылоба ауылына дейін ауыстырды светтің линиясын. Соның астында бұрыннан қалған цемент столбалар болады. Соның бәрін кранмен көтеріп, жинап алып, ауданға алып кетті. Сол цементтерді алып кетпей ауданға, мына өзіміздің (бағаналарға) пайдаланса, құба-құп болар еді. Енді соның бәрін қайда алып кетті, оны бізге айтпайды ғой. Жеке меншік деп, жинап алып қайқаяды.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Әбден шіріп біткен электр бағаналары әр жерде қисайып жатыр. Мына бағаналар мамырдың 10-ы күні құлаған. Дәл сол күні жайылымда жүрген бес бірдей ірі қара сымға соғылып өлген. Ал бағаналар әлі күнге қалпына келтірілмеген. Тұрғындар тағы да оқыс жағдайлар бола ма деп алаңдап отыр.

Электр сымы қыстақтағы тұрғын үйден шамамен 25 метрдей жерде құлаған. Шаруалар бағаналардың қисайып тұрғанын мамандарға бірнеше рет ескерткен. Тіпті түбін бекітуге арналған материалды да дайындап қойыпты, бірақ жауапты кәсіпорын еш шара қолданбаған. Арам өлген ірі қаралардың төртеуі Мақсот қарияға тиесілі. Енді ол шығынын өтей алмай, соттың табалдырығын тоздырып жүр.

Мақсот Әжімұханов, Пятимар ауылының тұрғыны:

- Сағат 3-те малдарды түгендеп балалар келді үйге. Мал түгел деп келді. Кешкі сағат 8-дердің шамасында хабар келді. Осы қыстақтың бақташы балалары хабарлады. Акимат төлемейміз деді. Мен жаңағы 4 бас малымның құнын сұрадым ғой. «Жоқ, ол төленбейді, ондай заң жоқ» деп, маған сөй деді. Сосын мен отырып айттым, «мен облсотқа дейін барамын, одан қаралмаса, республиканский сотқа беремін мына жағдайды. Мұның арты ертең бір жамандыққа, адам соғылып өлуге әкелуі мүмкін» деп. Ақшаны біздер халық болып төлеп отырмыз ай сайын, светтің ақшасын. Қайда кетіп жатыр? 

Жақсылық Хайрелов, Пятимар ауылдық округінің әкімі:

- Біздің подстанциямыз ешқандай техникамен қамтылмаған. Сондықтан да құлаған бағаналарды ауылымыздың шаруа қожалықтарының техникасымен тұрғызуға тура келеді және олардың қай уақытта бос болады, солардың ыңғайларына қарап жұмыстар атқарылып жүреді. 10 мамыр күні құлаған бағаналарды сол құлаған тұстағы қыстақтың маңындағы шаруа қожалықтың техникасымен бүгінгі таңда барып, тұрғызуға бара жатыр. 

Мұндай жағдай Жаңақала ауданында бірінші рет емес. Наурыз айында Кіші Айдархан елді мекенінде де құлаған бағаналар салдарынан 4 сиыр өлген. Тұрғындар бұдан бұрын әкімдік өкілдерімен кездесуде де, есептік жиындарда да электр желілерінің жағдайын айтып, шыр-пыр болған. «Алайда келеңсіздікті жоюға ешкім құлық танытпады» деп ашынады олар. 

Жұмасейіт Шайхиев, шаруа қожалығының басшысы:

- Айтқаннан ешқандай нәтиже болған жоқ. Оңдалған жоқ, ештеңе еткен жоқ. Содан енді малымыздан айырылып отырмыз. Малға актті ауылдың әкімі Ишанов Айбек деген келді, сосын ветеринариядан мал дәрігері келіп, қарап, актін толтырып, сотқа бердік. Соттасып жатырмыз. 4 рет сот отырысы болды. Маусымда несі (үкімі) болады, қалай болғанын анығын сол кезде айтады сот. 

Қобылан Оразаев, Кіші Айдархан ауылының тұрғыны:

- Менен де шығын болып отыр.

- 2 бас малдан айырылдық. Столбалар құлап жатыр. Оны желден дейді, бірақ ол күні столб құлайтындай жел де болған жоқ. 1972 жылы қойылған столбалар дейді мынау. Содан бері 50 жылдай уақыт өтті ғой. Ақпанның екісінде ескертілді ғой енді. Сол кезде мүмкін айырып тастаса, мұндай шығын болмас па еді бізде де?! 

Облыстағы 21 мың шақырым электр желісі және 153 қосалқы станция «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясының» теңгерімінде. Кәсіпорын қаржы министрлігінің мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі еді. Желілерді күрделі жөндеу тарифтен түскен табыс есебінен жүргізілген. Әйткенмен, жұмыс өнбей қойды. Күтім болмаған жерде желілер азып-тозып кетті. Кейін жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілген. Дегенмен, инвестор тиісті міндеттерін орындамаған. Электр желісінің 82%-і ескірген күйде тұр. Былтырдан бастап компания облыс әкімдігінің меншігіне өтті. Сала мамандарының айтуынша, енді алдағы үш жылға республикалық бюджет есебінен 20 млрд теңге қарастырылған. 

Асқар Ғайсин, "Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы" ЖШС бас инженері:

- Қазір жобалық сметасы жасалып жатыр уже бізде. Оның ішінде бізде әртүрлі кернеудегі 110 әуе желісі бар, 35 киловаттық әуе желісі бар, 10 киловаттық әуе желісі бар. Жалпы құны әуе желісіне бізде 15 млрд 450 млн жоспарланып отыр да, қалған 4 млрд 540 млн құрал-жабдықтарға негізделіп отыр. Негізгі бағыт осы. Жоба жасалса, 2023-тен бастап 2025 аралығында осы қаржылардың бәрін игереді. Енді жалпы өзіміздің күрделі жөндеу қорымызға келсек, осы компанияның биылғы қаржы көзі 707 млн күрделі жөндеуге бөлініп отыр.

Ал шаруалардың шығынына қатысты кәсіпорын өкілдерінің айтары басқа. Олар электр желілерінің маңайына мал жаюға болмайтынын алға тартып отыр. 

Асқар Ғайсин, "Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы" ЖШС бас инженері:

- Мал жаю қағидасына келетін болсақ, жалпыға ортақ пайдаланылатын жерде темір және автомобиль жолдарына бөлінген белдеулерде, су қорғау белдеулер мен санитарлық қорғау аймақтарының шекарасында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға жол берілмейді. Оның ішіне әуе желісінің күзет аймақтары да кіреді бізде, далалық жерде. Малдың токқа түсіп, зақымдануы жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде. Жайылым қарастырылмаған ол жерлерде. Ол жерде әуе желісінің күзет аймағы шеткі сымдардың екі жағынан 10 метрден болып есептеледі. Ол ҚР Энергетика министрлігінің заңымен бекітілген. 

Қай ауылға барсақ та электр желілерінің жағдайы мәз емес. Тұрғындар жел тұрса болды жарықсыз қалатынын айтады. Түйткілді шешуге шұғыл күш салмаса, оқыс жағдайлардан көз ашпай қаламыз ба деп алаңдайды жұрт. Ал малынан айырылған шаруалар сағызша созылған сот процесін әлі күтіп жүр. Олардың ендігі үміті сонда ғана. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов