Қостанай облысында балық шаруашылығын дамытуға не кедергі болып отыр

Елімізде былтыр қабылданған бағдарлама аясында Қостанай облысында 42 көлде балық өсіру шаруашылығы құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жобаның артықшылығы сол, балық өсіру шығынының бір бөлігі бюджет есебінен өтеледі. Алайда аталған салада шешімін күткен мәселелер аз емес. Соның ішінде су айдындарының саязданып, жағалауға егіс алқаптарының жақын орналасуы  орасан нұқсан келтіреді. Қостанай облысының аумағында үлкенді, кішілі сегіз мыңнан астам өзен-көл бар. Соның 800-і жергілікті маңызы бар су айдыны тізіміне енгізілген. Өкінішке орай соңғы жылдары көптеген өзен көл таязданып кеткен. Балық өсіміне бұл да кері әсер етеді. 

Николай Шефер жалға алған үш өзенінің тереңдігін, тазалығын, азық қорының қаншалықты екендігін үнемі бақылауда ұстайды. Онсыз болмайды. Өйткені биыл сол өзендерге бағасы қымбат ақсақа, тұқы деген балық түрлерінің 500 мың дернәсілін жіберген. Соның кем дегенде 30 проценті өсіп, жетілсе,жақсы деп отыр. Құстардан бірдеңе қылып қорғауға болар, ал егістік алқаптарын улаудан келетін зардапқа қарсы тұру қиын дейді.   

Мағауия Қалиев, тілші:

Еліміздің су кодексінде өзен-көлдердің айналасындағы 35 метр жерді пайдалануға болмайды деп көрсетілген. Бірақ көп жерлерде бұл талап сақтала бермейді. Мәселен, мынау мен тұрған жерде су айдыны мен егісітік жердің аралығы шамамен 20 метр ғана.

Николай Шефер, кәсіпкер:

Олар химикаттар зиянды емес деп шаң жуытпайды. Қалайша, ол у емес пе? Ұсақ шыбындар суға құлайды. Оны жеген балықтар уланбай қайтеді. Ақсақа тұқымдас балықтардың өлгенін де білмейсің. Олар су бетіне қалқып шықпайды. Өзен-көлдерге тақап егін екпесе де болады ғой. Айтсаң құлақ аспайды.

Сала мамандары елімізде былтыр қабылданған 2021-2030 жылдарға арналған бағдарлама өңірде балық шаруашылығын дамытуға серпін береді деген пікірде. Осы бағдарлама аясында облыста 42 көлде балық өсіру шаруашылықтары құрылған. Мұндай жаңа құрылымның өз тиімділіктері бар.

Маржангүл Дандубаева, Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:

– Қазіргі күні балық шаруашылығы бойынша көлдер тауарлы балық өсіруге ауысқан шаруашылықтарға субсидия бөлінген жергілікті бюджеттен. Ол субсидиялар балыққа өнім алған кезде 30 процент өтеледі. Ал шабақтарын сатып алғаны үшін 50% өтеледі. Биологиялық негіздеме дайындаған үшін 50% шығындар өтеледі тағы.

2030 жылға дейін Қостанай облысы бойынша өсірілген балық көлемін 10 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ал оның қаншалықты іске асатындығын уақыт көрсетеді.

Авторлары: Мағауия Қалиев Сергей Трахтенберг