ШҚО-дағы Миролюбовка ауылын тас басып қалған

Көк шалғын жайқалған көшемізді тас басып қалды. Шығыс Қазақстан облысындағы Миролюбовка ауылының тұрғындары тілшілерімізге осылай деп шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуларынша, ауылға су құбырын тартқан мекеме көрінген жерге үшкір тас үйіп кеткен.

Салдарынан адамның да, малдың да жүруі қиындап, берекесі қашқан. Жұрт енді қазылған шұңқырлар мен опырылған көпірлерді кім қалыпқа келтіреді деп алаңдаулы.

Юрий Гайворонский үйінің іргесіндегі таспен күнде алысады. Әрі-бері өткен адамның да, малдың да мазасын алған үйінділер бітер емес. Дегенмен күнделікті жүрер жолды өз күшімен аршуға тырысып-ақ жүр.

Юрий Гайворонский, Миролюбовка ауылының тұрғыны:

- Өрістен қайтқан мал осылай әрең өтеді.Тастарды енді әрі-бері лақтырып, тазартып жатырмыз. Бірақ үлкен үйінділерді тазарта алмаймыз. Мына жақтың барлығы бұрын жап-жасыл болып жатушы еді, қазір тас басып қалған. Енді көгал қайта шығу үшін көп уақыт керек.

Сөзінің жаны бар. Ауылдың іші де, сырты да жыралар мен үйілген үйінділерге толып қалған. Су құбырын тарту жұмысынан соң қазылған шұңқырлар дұрыс бітелмеген. Шағын көпірлер де опырылып жатыр. Жайылымнан қайтқан мал ауылға кіре алмай кешқұрым жұрттың есі шығады екен. Ал жауын-шашында көшелері ми батпаққа айналып, жағдай тіпті ушығады.

Қанат Абсадықова, Миролюбовка ауылының тұрғыны:

- Тас басып жатыр, балалар да жүре алмайды, көктемде олар шұңқырды қалай топырақпен ғана жапты.

Орталықтандырылған ауыз су құбырын тартудың соңы осындай келеңсіздікке ұласарын білмедік дейді мұндағылар. Тіпті сол шаруадан соң арықтан келіп тұрған су да тартылып қалыпты. Енді бау-бақшаны суару әсіресе қарттар үшін қиямет қайым. Жалғызбасты кейуана Нина Асламова бүкіл несібемді бақшамнан алушы едім, енді не өсер екен деп қынжылады.

Нина Асламова, Миролюбовка ауылының тұрғыны:

- Бау-бақшасыз күнім қараң десем болады. Қазір көкөніс, жеміс-жидектің бағасы удай. Шаруамның барлығын жұмысшы жалдап істетемін. Өзімнің шамам жоқ. Бұрын осы арықтан су келетін еді. Енді ол да жоқ.

Ауылдық округ әкімі мердігер компанияның жұмысынан мін табар емес.

Марат Дюсупов, Миролюбовка ауылдық округінің әкімі:

- Риза, риза емес деген біртүрлі сұрақ болып тұр, мен олардан қабылдау жасасам, онда басқаша мәселе жоқ, енді сіздің ауылыңызға әкеліп істеп тұр ғой, сіздің басқарып отырған ауылдық округ. Жұмыстарына қанағаттанамыз енді.

Сонымен әкім арықтың неліктен құрғап қалғанын да, тас үйінділердің қашан тегістелерін де жарытып түсіндіре алмады. Біз тау қопарып, тас жарып құбыр тартқан мердігер компания өкілдерімен де жүздестік. Олар құрылыс өткен жылы қыс ішінде аяқталғандықтан, соңы шала қалғанын мойындап тұр.

Олжас Мәметеков, мердігер компания өкілі:

- 2021 жылы желтоқсан айының аяғында өткізген болатынбыз, соған байланысты қыс айында тегістеу жұмыстарын жүргізе алған жоқпыз. Үш жыл кепілдігіміз бар, алдыңғы аптада ескертулер болды, сол бойынша жұмыс жасап жатыр.

Мердігер мекеме жобаға кірмесе де, өз қаражатымыз есебінен біршама тұрғынға 300 метр су құбырын жеткізіп бердік, енді тағы бірнеше үйге көмектессек деген жоспарымыз бар дейді. Ең бастысы алдағы екі апта мерзімде Миролюбовка ауылының ішін қалыпқа келтіреміз деген уәделерін берді.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...