Самокаттардың қозғалысын реттеуде ұлттық стандарт жобасы талқылануда

Күн жылынған соң самокатпен жүйткіп жүретіндер саны көбейеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ өткен жылы электросамокат тізгіндегендер 70-ке жуық жол апатына түскен. Бір адам қаза тапқан. Ал жыл басынан бері 40-тан астам оқыс оқиға тіркелді. Жалпы жыл өткен сайын кептелістен қашқан тұрғындар құрылғының бұл түрін қолдануға бейіл. Бейресми мәлімет бойынша Алматы қаласында 200 мыңнан астам тұрғын электросамокатпен қатынайды. Елордада 100 мыңнан көп. Енді оның жүру жылдамдығын сағатына 25-30 шақырымнан асырмау керектігі көтеріліп отыр. Стандарттау және метрология институтының мамандары құзырлы орган өкілдерімен бірлесіп, ұлттық стандарт жобасын талқылап жатыр.

Жандос Мұраталиев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

– Ең көп қолданыста жүрген электросамокаттардың өзі бізге Қазақстанға кіргенде стандартты қарап жатқан кезде қандай электросамокаттар елге ең көп кіріп жатыр? Солардың техникалық сипаттамасына сәйкес олар сағатына қанша шақырым жүре алады. Соның бәрін қарап белгілеп жатырмыз. 30 шақырымнан аспайтын. Жүргізуші куәлік керек пе? Жоқ керегі жоқ. Сіз веложүргізуші болсаңыз, жүргізуші куәлкті алып жүрмейсіз ғой.

Самокаттардың басым бөлігінің ең жоғары жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аса қоймайтыны белгілі. Бірақ одан да тез жүретін және арнайы орындығы бар қосдөңгелекті құрылғылар мопед санатына жатқызылады. Сәйкесінше жүргізуші куәлігі талап етілуі әбден мүмкін алдағы уақытта.

Ербол Сейпілов, Қазақстан стандарттау және метрология институтының комитет төрағасы:

– Велосипед сияқты жай жолмен де жүреді және адамдар жүретін тротуарлармен де жүре алады. Бірақ мұнда бір айтып кететін жайт бар. Біріншісі, жолдың шетімен жүрген кезде, әрине, басқа да жол қозғалысына қатысатын көліктерге ешқандай кедергі болмауы керек. Қауіпсіздік сақтау керек. Екіншіден, адамдар жүретін тротуарлармен жүрсе, алдын ала тоқтап, адамдарға ескерту сигналын беру керек немесе қасынан ақырын өтуі керек.

Тағы электросамокат жарық шамымен жабдықталуы керек. Ал артқы жағында сәуле шағылыстыратын катафот немесе жылтыр жапсырма болуы қажет.

Әсел Есмағамбетова, Қазақстан стандарттау және метрология институтының баспасөз хатшысы:

– Жаңа стандартта бір самокатқа қанша адам тұра алатыны туралы талап көрсетіледі. Жас ерекшелігіне байланысты шектеулер қойылуы әбден мүмкін. Саябақтарда ересектер тебетін құрылғыны балалар мініп бара жатқанын жиі көреміз. Сондықтан тың ереже бірінші кезекте қауіпсіздік үшін қажет.

Электросамокат жүргізушісіне қойылатын талаптардың арасында бой мен салмаққа қатысты ережелер де болады. Ұлттық стандарт жобасы биыл жыл соңына дейін қабылданады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ерзат Зайтхан, Болотбек Табалдиев